Келесі аптада АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі Серхио Гор мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаудың Қазақстанға сапары жоспарлануда, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді.
Сапар барысында тараптар екіжақты және өңірлік күн тәртібіндегі кең ауқымды мәселелерін, соның ішінде қазақ-америкалық саяси диалогты нығайту мен сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуді талқылайды. Ерекше назар өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ C5+1 форматындағы өзара іс-қимылды тереңдетуге аударылады, - делінген сыртқы саяси ведомство таратқан хабарламада.
Аталған сапар Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара құрмет, сенім және Орталық Азия өңірінің орнықты дамуын қамтамасыз ету ісіндегі ортақ мүдделерге негізделген стратегиялық серіктестіктің тұрақты сипатының тағы бір дәлелі болмақ.