СІМ-де Қазақстан мен Польша ынтымақтастығы жоғары бағаланды

5 Желтоқсан 2024, 01:45
418
Бөлісу:
СІМ-де Қазақстан мен Польша ынтымақтастығы жоғары бағаланды
Фото: gov.kz

Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко Польша Сеймі (парламенттің төменгі палатасы) Сыртқы істер комитетінің төрағасы Павел Ковальмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесу барысында парламентаралық байланыстарды нығайту, саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды. Мәдени және білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Польша қазақстандық студенттер үшін танымал бағдар болып табылатыны және қазіргі уақытта олардың саны 3 мыңнан асатыны туралы айтылды.

Министрдің орынбасары Польша Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды серіктесі болып табылатынын атап өтіп, барлық негізгі салалардағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін білдірді. Ол екі ел арасындағы байланыстарды нығайтуға белсенді ықпал ететін Қазақстандағы 35 мыңға жуық поляк диаспорасының маңызды рөліне назар аударды.

Поляк депутаты өз кезегінде екіжақты қарым-қатынастардың оң динамикасын атап өтіп, ынтымақтастықты кеңейтуге, оның ішінде парламентаралық байланыстарды дамытуға бейілділігін растады.

Кездесу соңында Р.Василенко поляк тарапына 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында ЕО Кеңесіндегі төрағалығына сәттілік тіледі.

Бүгінде Польша еліміздің Орталық және Шығыс Еуропадағы негізгі сыртқы экономикалық әріптестерінің бірі. Қазақстан мен Польша арасындағы тауар айналымы Польшаның Орталық Азия елдерімен жалпы сауда көлемінің 80%-дан астамын құрады. 2023 жылы тауар айналымы 1,23 млрд АҚШ долларын құрады. 2005 жылдан бастап Польшадан ҚР-ға құйылған тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 447,8 млн доллардан асты. ҚР-да поляк капиталы бар 140 компания жұмыс істейді.

ҚР және Польша парламенттерінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған достық топтары жұмыс істейді.

Өзгелердің жаңалығы