Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Си Цзиньпин ШЫҰ-ны дамытуға арналған бес қадамды айтты

Олжас АДАЙ
1 Қыркүйек 2025, 11:50
483
Бөлісу:
 BAQ.KZ/Олжас Адай
Фото: BAQ.KZ/Олжас Адай

ШЫҰ самитінде Қытай төрағасы Си Цзиньпин ұйымды дамытуға арналған бес қадамды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Тянцзиньнен.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының отырысы басталар алдында, жергілікті уақыт бойынша сағат 10:00-де дәстүрлі суретке түсу рәсімі өтті.

Айтулы жайт, Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди Қытайға жеті жылдан бері алғаш рет келіп отыр. Ол Си Цзиньпиннің қолын алып, әрі қарай суретке түсу рәсімі өтті.

Си Цзиньпин ШЫҰ-ны дамытуға арналған бес қадамды айтты

Саммитте алғашқы болып 2025 жылы төрағалық етуші мемлекет атынан ҚХР төрағасы Си Цзиньпин сөз сөйледі.

Өз сөзінде ол ШЫҰ-ны дамытуға арналған бес қадамды атады. Си Цзиньпиннің айтуынша, ұйымға мүше мемлекеттер ынтымақтастық пен өзара әрекеттестікті нығайтуы, әр елдің артықшылықтарын тиімді пайдаланып, өңірдің бейбітшілігі, тұрақтылығы, дамуы мен өркендеуі үшін ортақ жауапкершілікті атқаруы қажет. ШЫҰ елдері өз нарықтарының әлеуетін және экономикаларының бірін-бірі толықтыру мүмкіндіктерін пайдаланып, сауда мен инвестиция рәсімдерін жеңілдетуі, энергетика, инфрақұрылым, цифрлық экономика, инновациялар және жасанды интеллект саласындағы әріптестікті арттыруы тиіс. 

Ортақ болашақ үшін өзара қолдау арқылы модернизация жолымен ілгерілеуіміз қажет, – деді Си.

Ол сондай-ақ ШЫҰ мемлекеттеріне мәдени-гуманитарлық алмасуларды дамыту, экономикалық әріптестікті күшейту және бірлесе отырып “өркендеген өркениет құру” міндетін қойды.

Си Цзиньпин теңдік пен әділдікті ұстану қажеттігін, Екінші дүниежүзілік соғыс тарихының ақиқатын қорғау, көпполярлы әлемдік тәртіпті нығайту және ДСҰ-ға негізделген көпжақты сауда жүйесін қолдау маңызды екенін атап өтті.

Си Цзиньпин ШЫҰ-ны дамытуға арналған бес қадамды айтты

Ол ШЫҰ-да Қауіпсіздікке төнетін қатерлер мен сын-қатерлерге қарсы әрекет ету орталығын және Есірткіге қарсы орталық ашуға, сондай-ақ ШЫҰ Даму банкін құруға шақырды.

Си Цзиньпин Қытайдың өз дамуын ШЫҰ-ның дамуымен және мүше мемлекеттердің халықтарының жақсы өмірге деген ұмтылысымен байланыстыратынын айтты.

Оның сөзінше, Қытайдың ШЫҰ елдерінің экономикасына құйған инвестициясының жиынтық көлемі 84 млрд доллардан асқан, ал Қытайдың ШЫҰ елдерімен жылдық тауар айналымы 500 млрд доллардан жоғары. Қытай 100-ден астам әлеуметтік жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Ұйымға мүше мұқтаж елдерге биылдың соңына дейін 2 млрд юань көлемінде қайтарымсыз гранттық көмек беріледі. Бұдан бөлек, Қытай алдағы үш жылда мүше елдерге 10 млрд юань көлемінде несие бөлмек.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысында сөз сөйледі.

Өзгелердің жаңалығы