Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қытай президенті Си Цзиньпин коронавирус алғаш тараған Хубэй провинциясының орталығы Ухань қаласына барды деп хабарлады қытай басылымдары. Қытай басшысы қалада дертке қарсы шаралар қалай жүріп жатқанын тексеруге барды деп хабарланды.
Сапар барысында ол медицина қызметкерлерімен, әскерилермен, құқық қорғау органдары өкілдерімен, еріктілермен, ауруханада жатқан науқастармен және жергілікті тұрғындармен кездеседі деп жоспарланған.
Қытай денсаулық сақтау комиссиясының мәліметі бойынша, өткен тәулікте елде коронавирус жұққан 19 адам тіркелген. Олардың 17-і Ухань қаласы орналасқан Хубэй провинциясында анықталған. Осы уақыт ішінде Хубэйде дертке шалдыққан 17 науқас қайтыс болған.
Соңғы мәліметтерге сай, Қытайда коронавирус жұққан 80754 адам тіркелген. 3136 адам қайтыс болып, 60 мыңға жуық адам сауыққан. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, қазіргі кезде әлемде 100-ден астам елге тараған коронавирусты 111 мың адам жұқтырып, 3800-ден астам адам көз жұмған.