Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин мен АҚШ Президенті Дональд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме барысында Қытай басшысы Вашингтонды Женевадағы келіссөздерде қол жеткізілген прогреске шынайы көзқараспен қарап, Қытайға қарсы енгізілген теріс шараларды алып тастауға шақырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Си Цзиньпин сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастарды жандандырудың және әртүрлі салалардағы өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, ол Трамп пен оның жұбайын Қытайға ресми сапармен келуге шақырды.
Өз кезегінде, Дональд Трамп келіссөздердің барысын оң бағалап, Си Цзиньпинмен жүргізілген диалогты "өте нәтижелі" деп атады. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында Қытай басшысының шақыруын қабыл алғанын растады.
Айта кетейік, соңғы уақытта ҚХР мен АҚШ арасындағы сауда айналымы айтарлықтай төмендеді – сәуір айында ол 20%-ға қысқарды. Бұл жағдай екі ел арасындағы ұзаққа созылған сауда текетіресінің салдары болып отыр.