ШЫҰ мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлері кеңес өткізді

22 Қазан 2020, 10:06
1368
Бөлісу:
ШЫҰ мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы министрлері кеңес өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы мәселелері жөніндегі министрлерінің 5-ші кеңесіне қатысты

Бейнеконференц байланыс режимінде өткен кеңеске Үндістан, Қытай, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Республикасының бейінді ведомстволарының басшылары, сондай-ақ ШЫҰ Бас хатшысының орынбасары Ш.Джонон және БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы Бас директорының орынбасары – Еуропа мен Орталық Азиядағы өңірлік өкіл В. Рахманин қатысты. 

Жиын барысында делегация басшылары жаңа коронавирустық инфекция пандемиясының ауыл шаруашылығына әсері туралы пікір алмасып, елдердің жағымсыз факторларды азайту үшін қабылдап жатқан шаралары талқыланды. Жаһандық сын-тегеурінге қарсы тұру іс-қимылы үйлестірілген күш-жігерді талап ететіні атап өтілді. 

Делегация басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастығын жоғары бағалап, өзара іс-қимылдың перспективалық бағыттары туралы ұсыныстарымен бөлісті. 

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі өз сөзінде әлемде күрделі эпидемиологиялық және экономикалық мәселелер болса да, ҚР Үкіметі пандемияға қарамастан ауыл шаруашылығының дамуына ерекше назар салып отырғанын атап өтті. Уақытылы қолдау шараларының және фермерлерге қаржылай көмектің бірнеше есе артуының арқасында 9 айдың қорытындысы бойынша сала 5% деңгейінде өсімді көрсетті. Бұл қазақстандықтарды ғана емес, көрші елдердің тұрғындарын да азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Карантиндік шаралардың қолданылу кезеңінде ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің нарығына азық-түлік экспорты 1,3 млрд. АҚШ долларын құрады, бұл өткен жылдың деңгейіне сәйкес келеді. 

ҚР АШМ басшысының айтуынша, COVID-19 екінші толқынының күшеюі жағдайында Қазақстан көрші елдер тарапынан сұраныстың артуын ескере отырып, ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік өнімдерін өндіру көлемін арттыруға ниетті. Осылайша, Қазақстан Үкіметі ШЫҰ құрамындағы мемлекеттерге дәнді, майлы дақылдар, ет, сүт және жемшөп дақылдарының экспортын ұлғайтуға дайын. Алайда, бұл бағыт бойынша әлі де толықтырулар мен түзетулер қажет. 

Пандемия жағдайында біз саудадағы кедергілерді алып тастау мәселелерін шешуге жедел әрекет етуіміз керек. Осыған байланысты халықаралық диалог пен ынтымақтастықты жолға қою мәселелерінде ШЫҰ-ның рөлі маңызды екенін атап өткім келеді, - деді Сапархан Омаров. 

Мәселені айта келе, қазақстандық тарап ШЫҰ елдеріне ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттауды жоспарлау мәселелері бағытында өзара іс-қимылды күшейтуді ұсынды. 

Өзекті мәселелерді талқылай келе қатысушылар 2010 жылғы 11 маусымда Ташкент қаласында қол қойылған ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Үкіметтері арасындағы ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру үшін 2021-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын қабылдады. Құжатқа сәйкес тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы түрлі әлеуетті бағыттар, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдері мен азық-түлік саудасын кеңейту, АӨК-ге инвестициялар тарту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бірлескен ғылыми зерттеулер мен академиялық алмасулар жүргізу, агроинновацияларды енгізу, көрме-жәрмеңке қызметін жандандыру бойынша өзара іс-қимылды дамытатын болады.   

Сонымен қатар, делегация басшылары 2018 жылғы 12 қазанда Душанбе қаласында қол қойылған азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ШЫҰ ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жоспарын бекітті. Жоспарға сәйкес ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің азық-түлік қауіпсіздігі мәселесіне ортақ көзқарасын тұжырымдау, азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы ахуал туралы ерікті ақпарат алмасуды іске асыру, оның ішінде тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мақсатында бірлескен іс-шаралар өткізу көзделеді. 

Сондай-ақ, кездесу барысында қытай тарапының аграрлық технологияларды алмасу және оқытуға арналған «ШЫҰ-ның Көрнекілік базасын» құру жөніндегі бастамасы қолдау тапты.


Өзгелердің жаңалығы