ШЫҰ миссиясы референдумды ашық және заңды деп таныды

7 Қазан 2024, 10:39
509
Бөлісу:
ШЫҰ миссиясы референдумды ашық және заңды деп таныды
Фото: автордан

Елордада Халықаралық байқаушыларға қолғабыс көрсету орталығында өткен брифингте ШЫҰ байқаушылар миссиясы республикалық референдумға қатысты қорытынды мәлімдемесін жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Миссия басшысы, ШЫҰ бас хатшысының орынбасары Олег Копылов референдум ашық өткенін атап өтті.

Біздің миссия өз функцияларын саяси бейтараптық, объективтілік және мемлекеттің ішкі істеріне араласпау қағидатын сақтай отырып, президенттік немесе парламенттік сайлауда, сондай-ақ референдумда ШЫҰ байқаушылар комиссиясының ұстанымын ҚР заңнамасына сәйкес басшылыққа алады. Миссия байқаушылары референдумға бір күн бұрын Астана және Ақмола облысындағы бірнеше учаскелік комиссия жұмысының қызметімен танысып, референдумды өткізуге дайындығын көрді. Референдумды өткізу бойынша орталық комиссиясында бірнеше кездесу өткізді. Сондай-ақ басқа да халықаралық және жергілікті байқаушылармен кездестік, - деді Олег Копылов.

Халықаралық байқаушы Қазақстан референдум процестерінің дайындығын және өткізілуін қадағалауға барлық жағдай жасағанын атап өтті. Сондай-ақ ол мүмкіндігі шектеулі азаматтардың да дауыс беруіне толық жағдай қарастырылғанын айтты.

6 қазан күні, дауыс беру күні миссия мүшелері референдум учаскелерінің ашылуы мен бюллетеньдерді тарату жұмысын бақылау үшін сағат 7:00-ден барды. Миссия мүшелері республикалық референдумның қалай өткізіліп жатқаны жайлы толыққанды білуі үшін 31 учаскеде болды. Ол учаскелер Астана мен Ақмола облысында орналасқан. Миссия бақылау жүргізетін референдум учаскесін еркін таңдай алды. Учаскені аралау кезінде ешқандай кедергі болған жоқ. Референдум күні миссия азаматтық қоғамның жауапкершілігі мен референдум комиссиясы мүшелерінің кәсіби дайындығына куә болды. Референдум ашық, тәуелсіз сипатта өтті, - деді  халықаралық байқаушы.

Олег Копылов референдум учаскелерінде тиісті ақпараттар қолжетімді болғанына назар аударды.

Біздің ойымызша, БАҚ референдум барысынан еш кедергісіз ақпарат таратты. Республикалық референдум қолданыстағы заңнамаға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өтті. Бақылау кезінде миссия өкілдеріне шағым не ескерту түскен жоқ. Миссия референдумның азаматтық қоғамның белсенді қатысуымен ашық және жария жағдайында өткенін атап өтеді. Миссия Қазақстан Республикасында атом электр станциясын салу жөніндегі референдумды ашық, еркін және заңды деп таниды, - деді байқаушы.

Миссия референдумның Қазақстан Республикасындағы демократиялық үдерістерді одан әрі дамыту жолындағы маңызды қадамы болғанын мәлімдеді және референдум орталық комиссиясына, басқа да министрліктерге миссия жұмысын ойдағыдай жүргізуіне мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіріп, Қазақстандағы референдумның ойдағыдай өткені үшін құттықтады.

Өзгелердің жаңалығы