Астанада ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Денсаулық сақтау министрлерінің жетінші кеңесінің шеңберінде делегация басшыларымен екіжақты кездесулер өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры доктор Ханс Клюгемен кездесу барысында ДДҰ-ға медициналық кадрларды даярлауда, МСАК-тың жаңа стандарттарын енгізуде, дәрілік заттарды таңбалауда, Арал бассейні аумағында халықтың денсаулығына экологиялық факторлардың әсерін бағалауды зерттеуде техникалық және консультациялық қолдау көрсету туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрі Асилбек Худаяровпен кездесу қорытындысы бойынша денсаулық сақтау саласындағы әріптестік ынтымақтастықты жандандыру, медициналық білім беру және ғылым ұйымдарының арасында жұмыс тобын құру, медициналық кадрларды даярлау стандарттарын біріздендіру, бірлескен ғылыми жобалар жүргізу, заманауи технологияларды, ана мен баланы, ерте скринингтерді қолдану, импортты алмастыру бойынша тәжірибе алмасу туралы келісімге келді.
Ресей Федерациясының Денсаулық сақтау вице-министрі Андрей Плутницкиймен келіссөздер нәтижесінде алдағы халықаралық іс-шаралардың барысында денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қою, сондай-ақ Қарағанды медицина университетінің базасында Қазан университетінің филиалын ашу, онкология, гериатриялық қызмет, медициналық ғылым және білім беру, цифрландыру және т. б. салаларда тәжірибе алмасу туралы уағдаласты.
Үндістанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру вице-министрі Роли Сингх ханыммен кездесу барысында дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды өндіру, технологиялар алмасу және медициналық білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Қырғызстан мен Тәжікстан делегацияларының басшылары қазақстандық тараппен білім беру саласындағы әріптестік қатынастарды жандандыруға, кадрлық әлеуетті арттыруға, тәжірибе және технологиялармен алмасуға қызығушылық білдірді.
Кездесулер барлық тараптар үшін мазмұнды және жемісті болды.