ШЫҰ Еуразиядағы тұрақтылық факторына айналып келеді - сарапшы

2 Шілде 2024, 19:30
2071
Бөлісу:
ШЫҰ Еуразиядағы тұрақтылық факторына айналып келеді - сарапшы
Фото: кейіпкердің жеке мұрағаты

Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы Жансая Нұралиева ШЫҰ кеңесінің 24-ші отырысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Сарапшының айтуынша, Астана саммиті - сенімді достық, тату көршілік, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін әлемдік алаң болмақ.

Астанаға 16 елдің мемлекет басшылары  және лауазымды тұлғалары келмек. Сондай-ақ саммитке ШЫҰ-ға мүше емес елдердің келуі - Қазақстанның 1 жыл бойы төрағалықта болған кездегі беделін аңғартып отыр. Жалпы алғанда елордада 10 мыңға жуық қонақты қабылдауға дайындалып жатырмыз. Өткен жылы Мемлекет басшысы ұйым алдындағы маңызды міндет - ірі халықаралық және өңірлік құрылымдарымен байланысын кеңейту және сол арқылы халықаралық беделін одан әрі нығайту керек екенін атап өткен. ШЫҰ Еуразиядағы тұрақтылық факторына айналып келе жатыр, - дейді ол. 

Оның айтуынша, ұйымға деген қызығушылық басым. 

Стратегиялық бәсекелестік заманында интеграциялық бәсекелестің өзектілігі күн сайын артып отыр. Астана саммиті - сенімді достық, тату көршілік, бейбітшілік пен келісімді нығайту үшін әлемдік алаң болмақ. Шанхай ынтымақтастық ұйымында тығыз экономикалық байланыс пен интеграцияға, сауда байланыстарын талқылауға және нығайтуға, ортақ мүдделерді табуға, мүмкін болашақ инвестициялық жобаларды құруға болады. Сондықтан бұл саммит барлық мемлекет басшылары арасындағы мәселелерді талқылау үшін қолайлы сәт деп санаймын,- дейді Жансая Нұралиева.

Өзгелердің жаңалығы