Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ШЫҰ елдері медиа ынтымақтастықты нығайтуға келісті

Олжас АДАЙ
25 Тамыз 2025, 13:45
449
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Қытай астанасында “Ынтымақ пен бірлік: болашақты бірлесіп құрамыз” атты Шанхай ынтымақтастық ұйымының гуманитарлық ынтымақтастық форумы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Бейжіңнен.

Форум барысында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров пен Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифтің қатысушыларға арналған құттықтау хаттары оқылды.

Жиында бірқатар халықаралық ұйымдар мен медиа басшылары сөз сөйледі. Атап айтқанда, Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Насихат бөлімі министрінің орынбасары, Қытай Медиакорпорациясының бас директоры Шэнь Хайсюн гуманитарлық байланыстардың рөлін атап өтіп, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің сөзін келтірді.

ШЫҰ елдері медиа ынтымақтастықты нығайтуға келісті

Тарих бізге өркениеттердің өркендеуі мен адамзат прогресі тәжірибе алмасусыз және өзара үйренісусіз болмайтынын үйретеді. Ежелден қытай өркениеті келісім мен үйлесім принциптерін ұстанып келеді. Бүгінде ШЫҰ – аумағы мен халқы бойынша әлемдегі ең ірі өңірлік құрылым, ал ұйымның мозаикалық сипаты оның қуатының айғағы, – деді Шэнь Хайсюн.

Ол сондай-ақ CGTN-нің жаһандық сауалнамасы нәтижелеріне тоқталып, респонденттердің 92,7%-ы “шанхай рухын” жаңа үлгідегі халықаралық қатынастарды қалыптастырудың үлгісі деп бағалағанын жеткізді.

ШЫҰ елдері медиа ынтымақтастықты нығайтуға келісті

Форумда ШЫҰ Бас хатшысы Нұрлан Ермекбаев, Ресей мемлекеттік телерадио хабар тарату компаниясының бас директоры Олег Добродеев және Қырғызстан Ұлттық телерадиокорпорациясының бас директоры Болотбек Гильдебаев сөз сөйлеп, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту қажеттігін атап өтті.

Форум аясында ШЫҰ елдерінде “Мұра сақтаушысы” тележобасының көрсетілімі ресми түрде басталды. Сонымен бірге Қытай Медиакорпорациясының үздік бағдарламалары таныстырылды.

Сондай-ақ Қытай Медиакорпорациясы мен ШЫҰ Хатшылығы арасында ынтымақтастық жөніндегі құжаттар алмасу рәсімі өтті. Осы жиында “ШЫҰ елдерінің медиа ынтымақтастығының тетіктері” атты жаңа бастаманың іске қосылғаны жарияланды.

Форум “Қытайды бірге ашамыз: үйлесім мен келісім жолы” атты медиажобаның қорытындысын да шығарды. Оның аясында жүзден астам қытайлық және шетелдік журналист Тяньцзинь мен басқа өңірлерге барып, тарих пен заманауилықтың синтезін өз көзімен көрді. Жоба 150 миллионнан астам қаралым жинап, ШЫҰ елдерінің жиырмадан астам жетекші БАҚ-тарында жарияланды. Іс-шара барысында осы бастаманың үздік материалдарын қамтыған бейнеролик көрсетілді.

ШЫҰ елдері медиа ынтымақтастықты нығайтуға келісті

Сонымен қатар форумда жаңа “Silk Way Star” жобасы мен бірқатар гуманитарлық бастамалар ұсынылды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастамалар ШЫҰ елдерінің өзара түсіністікті нығайтуға және бірлесіп үйлесімді болашақ құруға деген ұмтылысын айқын көрсетеді.

Сөзін соңында Шэнь Хайсюн қазіргі әлемдік тұрақсыздық жағдайында медиаға артылған жауапкершілікке ерекше тоқталды:

Біз – ШЫҰ елдерінің бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері – даму тарихын, инновацияларды көрсетуге және ашық, өзара тиімді ынтымақтастықтың үнін күшейтуге міндеттіміз. Шанхай рухын бірге ілгерілетіп, өркениеттің үйлесімді дамуына үлес қосайық, – деді ол.

Өзгелердің жаңалығы