Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов "Самұрық-Қазына" компаниясында қызметке тағайындалды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы «Самұрық-Қазына» компаниясының баспасөз қызметі мәлімдеді.
2025 жылғы 29 желтоқсанда Ғабидолла Рахматуллаұлы Әбдірахымов "Samruk-Kazyna Construction" АҚ-ның пайдалану жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды, - деп атап өтті компаниядан.
Ғабидолла Әбдірахымовтың экономика және басқару саласында білімі бар. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасы бойынша алған мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие.
Ол мемлекеттік қызмет жүйесінде, Президент Әкімшілігінде, Қазақстан Республикасы Үкіметінде басшылық лауазымдар атқарған. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының әкімі және мәдениет және спорт вице-министрі қызметтерін атқарды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапатталған.
Айта кетерлігі, Ғабидолла Әбдірахымов "Samruk-Kazyna Construction" АҚ басқармасына мүшелікте жоқ.