Шымкент қалалық мәслихатының кезектен тыс бесінші сессиясында мегаполистің жаңа Бас жоспары талқыланып, қабылданды. Қаланың жаңа бас жоспарын дайындауда екі жыл бойы жұмыстар жүргізілген, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2035 жылға қарай қала халқы 1 млн 800 мың адамға жетеді деген жоспар бар.
Бас жоспардағы негізгі басымдық – тұрғындарға жайлы ортаны қалыптастыру. Құжатта жол, логистика, кәріз жүйесі, инфрақұрылыммен қамту мәселелері егжей-тегжейлі қаралды. Депутаттар мегаполистің жаңа бас жоспарын мақұлдап, дауыс берді, - деп жазылған хабарламада.
Бас жоспар енді Үкіметке жолданып, арнайы қаулысы шыққан соң, құжат қабылданады. Бас жоспарды әзірлеуде тұрғын үй қорының жағдайы, халықтың орналасу тығыздығы, әлеуметтік-мәдени нысандардың орналасуы және басқа бағыттар бойынша талдау жүргізілген. Жобаны әзірлеуде инфрақұрылым нысандарының тұрғындар үшін барынша қолжетімділігі ескерілген.