Ролан Анатолы есімді жас жігіт велосипедпен Шымкенттен Меккеге дейін 49 күнде жеткен. Бұл туралы ол әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ролан велосипедпен жолға 13 қазан күні шығып, 8 мың шақырым жол жүрген. Оның айтуынша, Меккеге жету үшін Қазақстан – Ресей – Грузия – Армения – Иран – ОАЭ – Қатар – Сауд Арабиясы бағытты ұстанып жеткен.
Аллаға мың да бір шүкір, Меккеге жеттім. Баршаларыңызға жұғысты болсын. Мен мақсат қойдым, әрекет жасадым. Мақсатыма жеттім, – делінген жазбада.
Шымкенттік жігіт Меккеге не себепті велосипедпен барғанын түсіндірген.
Сапарымның мақсаты – құлшылық жасау. Бірақ та, жолдың бойында әсем табиғаттар бар, солардың барлығын көзіммен көріп, тамсанып барамын, – деді Ролан Анатолы.