Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласында 10 мамыр күні сағат 18:45-те «112» құтқару қызметіне 4 шағынауданы Р.Қабылбеков көшесіндегі құрылысы бітпеген ғимараттың жертөлесінде өрт болғаны туралы хабарлама келіп түскен.
Құтқару қызметіне хабарласқан зардап шеккен жас балалар екен.
Жертөледе 2011 және 2012 жылы туған екі бала отпен ойнаған. Салдарынан өрт шығып, жертөленің іші қара түтінге оранып, балалар сыртқа шыға алмай қалған. Өрт орнына жедел жеткен мамандандырылған жасақтың қарауыл бастығы Р. Письменский, аға өрт сөндірушілер Б.Сихымбаев, Б.Лескен, ГТҚҚ аға шебері Ө.Қуантай тез арада қою түтінге оранған жертөлеге кіріп, талықсып жатқан балаларды дер кезінде арнайы тыныс алу аппараттарына қосып сыртқа шығарды, - делінген хабарламада.
Осылайша өрт сөндірушілер 2 баланың өмірін құтқарып қалды. Ал, жертөледе 6 шаршы метр қоқыс жанған.
Шымкент қаласы әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, өрт сағат сағат 19:31-де толығымен сөндірілді. Өртті сөндіруге 3 техника, жеке құрамнан 13 адам, апаттар медицина орталығы филиалыныңың 1 бригадасы жұмылдырылды.