Шымкенттегі жүрек орталығында жыл басынан бері 5 мыңнан аса науқасқа ота жасалған, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның 3720-дан астамына инвазивті технологияларды қолдана отырып операция жасалса, 2125 науқасқа стенд қойылған.
Былтыр 576 ашық жүрек операциясы атқарылса, биыл бұл көрсеткіш 1,6 есеге артқан. Пациенттердің басым бөлігі жүрек талмасына ұшыраған жандар.
Соңғы уақытта жүрек аурулары жасарып барады. Денсаулықты күтіп, жүйке мен жүрекке салмақ түсірмей, әрбір дерттің алдын алу шарасын жасаған абзалырақ. Науқастарды бір рет ажалдан арашалап қалғанымызбен, екінші рет бәрі кеш болуы мүмкін, - дейді кардиохирургтар.
Жүрек орталығының басшысы Дархан Сүйгенбаевтың айтуынша, жүрек қақпашаларына реконструктивті операциялар, сол жақ қарыншалық аневризмаларды кесу мен шағынинвазивті операциялар бейнеэндоскопиялық аппарат пен ЭКМО-ны қолдану арқылы жүргізіледі.
Созылмалы жүрек жетіспеушілігі бар 5 науқасқа LVAD имплантациясы, 6 пациентке алғаш рет аорталды және митральды қақпашаларға транскатетерлі имплантация TAVI қондырғысы және 1 азаматқа қолқа аневризмасына стенд графт орнатылды, - дейді дәрігерлер.
Айта кетейік, орталықта жүрекке стенд қою, жүректің қақпақшасын ауыстыру, аортакоронарлы шунттау отасы, туа біткен ахауларын бекіту, жүре келе пайда болған ахауды протездеу, жүрекке ашық операция жасау сынды 40-қа жуық операция түрі жасалады.