Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Шымкентте «Межбольничная 138 дәріхана» ЖШС-не тиесілі ғимаратта болған жарылыс салдарынан екі адам қаза тапты.
Олардың бірі 1979 жылы туған ер адам, екіншісі нәресте екен. Мұны Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы хабарлады. Жарылыс болған ғимарат Түркістан облыстық №1 перинаталды орталықтың жанында орналасқан.
Жарылыс кезінде перинаталдық орталықта 189 адам және 65 қызметкер болған. 1 қызметкер ( күзетші ж.Бүркітбаев, 1979ж.) қаза тауып, 1 нәресте шетінеді. Нәрестенің туғанына – 18 тәулік енді толған. Салмағы – 790 гр. Жарылыстан 8 адам зардап шегіп, қаланың медициналық мекемелеріне жатқызылды, – делінген хабарламада.
Шала туған нәресте үшемнің сыңары екен.
Еске салайық, Шымкент қаласы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2022 жылғы 21 мамырда сағат 11:36-да «101» пультіне Еңбекші ауданы, Ғани Иляев көшесі, 142 мекенжайында өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түскен.. Өрт сөндіру бөлімшелері келгеннен кейін жарылыс салдарынан «Меж больничная 138 дәріхана» ЖШС-не тиесілі 2 қабатты жеке тұрған ғимаратта өрт шыққаны анықталған. Ғимараттың жалпы ауданы – 360 шаршы метр.
Сағат 12:06-да өрт ауыздықталыпты. Өрт аумағы шамамен – 55 шаршы метр. Жарылыс салдарынан 130 шаршы метр аумақта ғимарат қираған. Сондай-ақ 5 қабатты тұрғын үйдің жанындағы пәтердің балконы мен терезелері және 7 жеңіл автокөлік зақымдалды. ТЖ жоюға ТЖД 37 қызметкері мен 9 техникасы жұмылдырылды. Жарылыстың себебі анықталып жатыр.
Шымкент полициясы жарылыс оқиғасына қатысты ҚР ҚК-нің 292-бабы 2-бөлігі «Адам өліміне әкеп соққан өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу бастады