Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев желіде тараған шулы ақпаратқа қатысты жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ол Шымкент қаласындағы сайлау учаскелерінің біріне қатысты мәліметті жоққа шығарды.
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан сайлау учаскелерінің қорытынды хаттамалары бойынша видеороликтердің шындыққа жанаспайтынын хабарлаймын. Видеороликте көрсетілген құжаттар мыжылған және оларда ешқандай қолтаңба мен мөр қойылмаған. Роликте көрсетілген мәліметтер провокация деп есептеймін, - деді аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.
Айтуынша, мәселені тиісті органдар тексереді.
Сонымен қатар сайлау учаскесінде тиісті хаттама қоятын мөрлер мен бюллетеньдер әр сайлау учаскесінде тиісті сейфте сайлау басталғанға дейін сақталады. Хаттамалар тек сайлау қорытындысына сәйкес толтырылады және нәтижесі жарияланады. Аталған мәселені тиісті құзырлы органдар тексеріп, құқықтық баға беретін болады, - деп атап өтті Қайырбек Құнанбаев.
Еске сала кетейік, әлеуметтік желілерде Шымкент қаласындағы №10 сайлау учаскесіндегі учаскелік сайлау комиссиясының хаттамасы делінген құжат таралған болатын. Құжатта №15 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланатын қалалық мәслихат депутаттары сайлауының дауыс беру нәтижесі деп көрсетілген.