Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының №53 орта мектебінде Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Сабыр Рахимовтың есімін беруге арналған іс-шара өтті.
Бұл туралы Шымкент гарнизонының баспасөз қызметі хабарлады.Салтанатты жиын Ұлы Отан соғысында қаза болғандарды еске алудан басталды.
Одан кейін соғыс және Қарулы Күштер ардагерлері сөз сөйледі.
Олар оқушыларға Жеңіс тарихы мен генерал Сабыр Рахимовтың ерлігін айтып берді.
Іс-шараның соңында Ұлы Отан соғысының 76 жылдығына арналған мерекелік концерт, сондай-ақ генералдың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі болды.
№53 орта мектеп 1936 жылы пайдалануға беріліп, Сталин атында болды, ал 1955 жылы Хамзаның құрметіне аталған.
85 жылдан астам тарихы бар оқу орнында 2200 бала оқиды және 200-ден астам мұғалім жұмыс істейді. Мектепте сабақтар қазақ және өзбек тілдерінде екі ауысымда өткізіледі.
2020 жылы Жеңістің 75 жылдығына арналған «Ұлылар ұлықтайық» жобасы аясында Сабыр Рахимов пен Сағадат Нұрмағамбетовтың есімдерін көшелер мен мектептерге беру туралы мәселе қаралды. Жергілікті атқарушы органдардың және Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің қолдауымен Ұлы Отан соғысының батырларына көшелер мен мектептердің атаулары берілді, - делінген хабарламада.