Шымкенттегі этнос өкілдері "Қазақ дастарқанын" жайды

9 Қазан 2019, 18:06
3476
Бөлісу:
Шымкенттегі этнос өкілдері "Қазақ дастарқанын" жайды
PHOTO
Фото: автордан

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте этномəдени бірлестіктердің қатысуымен дəстүрлі "Қазақ дастарқаны" көрме-фестивалі өтті.

Төртінші жыл қатарынан өткізілген фестивальге шымкенттік 11 этномəдени бірлестік қазақтың ұлттық тағамдарын дайындап, қазақ дастарқанын жайды. Дайындаған тағамдардың таным-тарихын, ас əзірлеудің əдіс-тəсілін қонақтарға таныстырды.

ҚАЗАҚ ДАСТАРХАНЫ (3).jpeg

"Рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында жүзеге асып келе жатқан бұл іс-шара қазақ мəдениетін, тарихын, философиясын насихаттауға бағытталған. Осы арқылы қаладағы этностарды мемлекет құраушы қазақ халқының маңайына топтастыруды, ұлтымыздың қонақжайлық дəстүрін дəріптеп, рухани құндылықтарымызды жаңғыртуды көздеп отырмыз. Қазақтың ас мəзіріндегі ұлттық тағамдардың сан алуандылығын жұртшылыққа паш ету де басты мақсатымыз", - дейді Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратəлі Қалмұратов.

Іс-шараға белсене қатысушылардың бірі - Шымкент қалалық əзербайжан этномəдени бірлестігі төрағасының орынбасары Арзу Гурбонова. Ол қиын-қыстау кезеңде ата-бабаларын аштықтан аман алып қалған қазақ дастарқанына ерекше құрметпен қарайтынын айтады.

ҚАЗАҚ ДАСТАРХАНЫ (4).jpeg

"Сонау тар заманда күштеп қоныс аударылған миллиондаған этностарды қазақ халқы өз үйіне қабылдап, бір үзім нанын бөліп берді. Ата-бабаларымызды бөтенсімей, өз балаларымен бірге бір дастарқан, бір ыдыстан дəм таратқызды. Жергілікті халықтың дархан көңілі арқасында бүгінгі бейбіт күнге де жеттік. Сондықтан біз қазақ халқына алғыс айта отырып, қазақ дастарқанының қадір-қасиетін ерекше бағалаймын", - дейді ол.

Көрме-фестиваль аясында көпшілік бауырсақ пісіру мен таба нан жабудың тəсілдерімен танысты. Асық ату, лəңгі тебу, арқан тарту секілді қазақ ұлттық ойындары мен этномəдени бірлестіктер жанындағы өнер ұжымдары дайындаған концерттік бағдарламаны тамашалады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) "Қазақтану" жобасы аясында өтетін көрме-фестивалді қалалық ҚХА мен Əдет-ғұрып жəне салт-дəстүр орталығы бірлесе ұйымдастырды.

ҚАЗАҚ ДАСТАРХАНЫ (7).jpeg

Айта кетсек, "Қазақ дастарқаны" фестивалі өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен 2015 жылдан бері өткізіледі.

Өткен жылдары фестиваль аясында этнос өкілдері қазақтың ұлттың тағамы – ет асуды көрсетіп, қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамдарын дайындаудан сайысқа түскен еді.

ҚАЗАҚ ДАСТАРХАНЫ (2).jpeg

Өзгелердің жаңалығы