Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкентте автогаз құю станциясында болған жарылыстан 1999 жылы туған ер азамат зардап шекті. Денесінің 90%-ын күйік шалған азамат ауруханаға жеткізілді.
Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, зардап шеккен азаматтың жағдайы ауыр.
«Оқиға орнына 3 жедел жәрдем бригадасы барған. Зардап шеккен бір азаматты Т. Орынбаев атындағы гипербариялық оксигенация орталығына жеткізді. Науқастың жағдайы ауыр. Жансақтау бөліміне жатқызылды. Денесінің 90%-дан астам бөлігін күйік шалған», - деді Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Лаура Мамырова.
Еске салсақ, бүгін сағат 11.00 шамасында Шымкент қаласының Жібек жолы даңғылы бойында орналасқан «МұрАЗ» ЖШС автогаз құю станциясында өрт шықты. Шымкент қаласы ТЖД ішкі және сыртқы коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, аталған нысанда өрт шыққаны туралы хабар сағат 11:03-те жеткен.
«Жарылыс қаупі болғандықтан 3 шақырылым бойынша ТЖ департаментінің қызметкерлері мен құралдары жұмылдырылды. Алғашқы өрт сөндіру бөлімдері сағат 11.20-да жетіп келді. «МұрАЗ» ЖШС-ның ГСС аумағында әрқайсысы 200 текше метр 2 бос ыдыс бары анықталды. Ашық отпен 1 ыдыс жанған (газдың қалдықтары), екінші ыдыс қорғау мақсатында өрт сөндіру бөлімдерінің берген сумен салқындатылды. Сондай-ақ, ГСС аумағында сыйымдылығы 7 текше метр 2 автоцистерна және сыйымдылығы 50 текше метр 2 автоцистерна жарылған. Оқиға орнында 1999 жылы туылған ер азамат зардап шеккен. Өрт сағат 12.21-де оқшауланып, сағат 12.53 толық сөндірілді. Өрт сөндіруге Шымкент қаласы ТЖД Өрт сөндіру қызметінің 90 адам жеке құрамы және 21 техника жұмылдырылды. Себептері және материалдық шығынның көлемі анықталуда», - делінген хабарламада.