Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкентте зергерлік бұйымдар шығаратын цехта контрабандалық жолмен алынған алтын құйылған. Ал тұрғындар құқық қорғау органдарының бірнеше күн бойы зергерлік бұйым шығаратын цехтардың біріне тінту жүргізіп жатқанына наразы. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, құқық қорғау органдарының әрекеті заңсыз және ондаған отбасын табыссыз қалдырған, деп жазды aikyn.kz.
Шымкент аумағында бірден бірнеше жерасты цехы лицензиясыз жұмыс істеген. Тінту мен басқа да тергеу әрекеттері бірнеше жыл бойы аса ірі көлемде қазақстандық алтынды контрабандалаумен айналысқан трансұлттық қылмыстық топты құрықтау бойынша ҰҚК арнайы операциясы аясында өтіп жатыр екен. Қылмыстық топ республиканың бірнеше өңірінде жұмыс істеген. Бұл ретте аталған цехтарда заңсыз өндірілген және қайта өңделген алтынның көлемі жүздеген келі болған. Ал келген залалдың сомасы ондаған миллиард теңгеге жуық.
Отандық алтынға тапсырыс берушілер ретінде Таяу Шығыс елдерінің қылмыстық топтары аталған. Сондай-ақ жерасты цехтары жұмыс істеп тұрған кезде жергілікті полиция органдарына қызметкерлердің жарылғыш химиялық және психотроптық заттарды қолдануына қатысты шағым түскен. Қазір құқық қорғау органдары тергеу шарасын жүргізіп жатыр.
Бұған дейін баспасөз беттерінде Шымкенттегі Алтынтөбе ауыл тұрғындары алтын өнімдерін өндіретін жергілікті цех директорының ұсталуына қарсы болғаны хабарлаған еді. Себебі тұрғындардың көбі сол цехта жұмыс істеген.