Шымкент қаласында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бюджет қаражатын аса ірі көлемде жымқыру және мақсатсыз жұмсау дерегі бойынша сот үкімі жарияланды. Ауданаралық қылмыстық істер соты алты адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Тергеу дерегінше, 2022–2024 жылдары университеттің бұрынғы бірінші проректоры әрі кейін ректордың міндетін атқарған Қайрат Нұрманбетов мемлекеттік сатып алуларды заңсыз өткізіп, тендерсіз бірнеше жеке кәсіпкер мен компанияға ірі көлемде қаржы аудартқан.
- 2022 жылы – 140,8 млн теңге аударылып, соның 13,1 млн теңгесі жымқырылған.
- 2024 жылы – тендерсіз және рұқсат құжаттарынсыз 116 млн теңгеге шарттар жасалған.
Қаражаттың бір бөлігі университеттің бас корпусының техникалық қабатын жөндеуге бағытталды делінгенімен, іс жүзінде орындалмаған жұмыстар мен жеткізілмеген тауарлар үшін төленген.
Тергеу материалында бұл қаражаттың бір бөлігі аффилиирленген фирмалар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, Шымкенттің орталығында 254 млн теңгеге люкс автокөліктер мен элиталық коттедж сатып алынғаны көрсетілген.
Сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп танып, бірақ залалдың өтелуі, кәмелетке толмаған балаларының болуы және шын өкінуін ескеріп, жеңілдетілген жаза тағайындады.
Сот шешімімен Қайрат Нұрманбетов мемлекеттік органдарда қызмет ету құқығынан айырылып, 5 жылға шартты түрде сотталды.
Қалған айыпталушыларға 5 жылдан 7 жылға дейін шартты жаза берілді, бір фигурантқа – 1 жыл бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Кейбіріне мүлікті тәркілеу жазасы қолданылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляциялық шағым бере алады.