Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 13 ақпан күні еңбек демалысында жүрген 6506 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі жас қызды ойы бұзық екі ер адамнан құтқарып қалды.
Оқиға сағат 00.40 шамаларында Жібек жолы көшесінің бойында болған. Үйіне келе жатқан Артем қатты айқайлап көмекке шақырған адамның даусын естіп, ойланбастан дауыс шыққан жаққа ұмтылады. Еңгезердей екі ер адамның жас қызға күш көрсетіп, зорлауға әрекет жасап жатқанын байқаған Артем бірден олармен арпалыса кетеді. Бұзақылардың біреуін шетке лақтырып тастап, екіншісімен төбелесе жөнеледі. Жекпе-жек ұрыс тәсілдерін қолдана отырып, бұзақыны жерге құлатып, үстінен басып отырады, ал екіншісі сол мезетте оқиға орнынан қашып үлгереді, - деп хабарлады ҚР Ұлттық ұланның баспасөз қызметі.
Ұсталған азаматты оқиға орнынан полиция қызметкерлері алып кетті, ол Шымкент қаласының Еңбекші аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Мен қыздың айқайлаған дауысын естіген кезде, ойланбастан бірден сол жаққа жүгірдім. Менің ойымша әрбір азамат тура осылай жасар еді, - дейді Артем Калашников өзінің батыл әрекеті жайлы
Күдіктілерлі ұстау кезінде ұландық қолын жарақаттап алған екен, бірақ соған қарамай, полиция қызметкерлері келгенше олармен арпалысқан.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалды, екінші күдікті іздестірілуде.