Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы 9 сәуірде жауған қардың салдарынан Шымкент қаласы аумағында көптеген ағаштар құлап, электр желілері үзілді.
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сегіз мыңға жуық абонент электр жарығынсыз қалды.
Төтенше жағдайдың зардабын жоюға қаладағы коммуналдық қызметтер мен төтенше жағдайлар департаментінің 111 бірлік техникасы мен жеке құрамнан 600 адам, сондай-ақ "Оңтүстік Жарық Транзит" ЖШС-ның 24 апатты қалпына келтіру бригадасы жұмылдырылды, - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Бүгін сағат 12.00-дегі жағдай бойынша 5800 абонент авариялық қызметтердің көмегімен қайта электр жүйесіне қосылды. Қалған 12 нүктедегі 2200 абонентке электр қуатын беру жұмыстары жалғасуда.