Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті

Бүгiн, 09:45
166
Бөлісу:
Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының 5 ауданында да тазалық акциялары өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Табиғаттың тынысын ашып, қоршаған орта мен тұрғындар тұратын аулаларды қоқыстардан тазалау және оларды ретке келтіру жұмыстарының маңызы өте зор.

Қаладағы 5 аудан бойынша қала тұрғындары мен коммуналдық мекемелердің жұмысшылары аулаларды тазалау, орындықтарды сырлау, балалар ойын алаңдарының тозығы жеткен жерлерін жөндеу, жыртылған төсеніштерін жамау жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ, көше бойындағы шөптерді ору, көшені жуу, қоқыстан тазалау жұмыстарын да атқарды.

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті

Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Машбектің айтуынша, науқанға тұрғындармен бірге ерікті жастар, қоғам белсенділері де белсенді атсалысуда. Тіпті қаланың құрметті азаматтары мен ақсақалдары да іс-шарада келіп қатысқан.

Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Пердеш Есенбекұлы «Нұртас» шағынауданындағы науқанға қатысып, бата беріп, өңір тазалығын сақтауға үлес қосқан жастарға өз алғысын жеткізді.

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті

Қаланың орталығымен ағып өтетін «Қошқар ата» өзені қала тұрғындарының ерекше демалыс орнына айналған аймақтардың бірі. Бүгінгі науқанда тұрғындар мен «Жасыл ел» еңбек жасағының жастары аулалар мен көшелерден бөлек «Қошқар ата» өзенінің жағалауында да санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп, «Таза жағалау» атты ұранымен экологиялық акция өткізді. Іс-шарада Кремлевская көшесінен Абай көшесіне дейінгі өзен бойындағы түрлі қоқыстарды, қураған ағаштарды қырқу, шөптерді ору және өзеннің суымен жиналған түрлі қалдықтарды тазалап, су көздерін ашу жұмыстары атқарылды.

Шымкентте «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтті

Жалпы, өткізілген қалалық тазалық жұмыстарына 65 дана техника мен 5500-ден астам адам жұмылдырылды. Науқан барысында көшелер мен аяқ жолдар, 75 шақырымнан астам ирригациялық жүйелер тазаланып, нәтижесінде 65 тоннадан аса қоқыс шығарылды. Сонымен қатар аяқ жолдарды реттеу, жол жиектерін жуу мен тазалау жұмыстары жүргізілді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясының басты мақсаты - халық арасында экологиялық мәдениетті, азаматтардың қоршаған ортаға саналы көзқарасын қалыптастыру, табиғатқа деген жанашырлық сезімін ояту.

Осы ретте, акцияға қатысушылар қаланың тазалығы басты назарда екенін, оған әрбір қала тұрғындары белсене атсалысуы қажет екендігін жеткізді.

Бұл іс-шаралар Шымкент қаласында ары қарай да өз жалғасын таппақ. Осы мақсатта жылдың соңына дейін арналған жоспар бекітілген және соған сәйкес тазалық жұмыстары тұрақты жүргізілетін болады.

Өзгелердің жаңалығы