Шымкент қаласы, BAQ. KZ тілшісі. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкентте қарқынды дамып жатқан саланың бірі — жол құрылысы. Қазір қала жолдарының бірнеше тұсында ірі жобалар орындалып жатыр. Қонаев даңғылы қалай жалғасады? Қалада тағы қанша жолайырық салу жоспарланған? Осы және тағы басқа ұқсас сауалдарға Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Мұхтар Қоқанбаев жауап берді.
— Шымкенттің күретамыры іспеттес Д.Қонаев даңғылын Түркістан көшесінен ары ұзарту жұмысы қалай боп жатыр?
— Бүгінде қаладағы көлік кептелесі мәселесін шешу кезек күттірмейді. Соның бірі — осы Қонаев даңғылының жалғасын салу. Бұл бойынша жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысан құрылысы барысында бірінші кезекте күрделі мәселе тудырған жайт — жеке үйлер мен жеке жер телімін сатып алу болды. Бұл бағытта әкімшілік жақсы жұмыс істеді. Әлі де тоқтамады, меншік иелерімен келіссөздер жүргізіліп те жатыр. Қала басшылығы тарапынан осы жұмысты шұғыл аяқтау бойынша тапсырма да берілді. Қонаев даңғылының жалғасқан бөлігін 2022 жылдың соңында, не ары ұзаса 2023 жылдың басында Бадам өзеніне дейін ашамыз деп жоспарлап отырмыз. «Бұл қалаға не береді» деген заңды сауал туындайды. Түсіндірейін — қаламызды еліміздің оңтүстік аудандарымен жалғайтын Ташкент тасжолы бар. Түркістан облысының Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Келес, Қазығұрт ауданымен қаламызды байланыстыратын бірден бір негізігі жолға жүктемені азайту басты мақсат болып отыр. Қонаев даңғылының жалғасы осы мақсатта салынып отыр. Әрине, қаламыздағы кептелісті азайтуға да көмек болады.
Тағы бір айта кететін жайт. Бүгінде статистикаға жүгінетін болсақ, Шымкент қаласы автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Шымкент қаласында тіркелген автокөлік санын қала тұрғындарына шағатын болсақ, әрбір үшінші тұрғынға бір автокөлік тиесілі екен. Нақтырақ айитқанда Шымкентте 347 мыңнан астам автокөлік тіркелген. Бұдан бөлек, келім-кетім статистикасына қарасақ, қаламызға күінне 30 мыңға жуық автокөлік кіріп шығады екен. Сонда бір күнде қала көшелерінде 400 мыңға жуық машина жүреді. Міне, сондықтан да біздің басқарманың бірінші бағытта атқаратын жұмысымыз — көлік кептелісін азайту болса, екінші бағытта қоғамдық көлікті дамыту арқылы оның жұмысына басымдық беріп, күшейту болып тұр. Ал Қонаев-Рысқұлов қиылысында жолайырық салынғаннан кейінгі статистикаға қарасақ, көлік өткізу қабілеті көлік өткізу қабілеті жолайырық салынғанға дейінгі көрсеткіштен 4 есе артты. Яғни бұрын бір мезетте 10 ғана көлік өте алатын болса, қазір 40 көлік өтуіне мүмкіндігі бар. Қаламыздың солтүстігі мен оңтүстігін қосып жатқан ең үлкен жол — Қонаев даңғылы. Алматы мен Тараз қалаларынан келген көліктер Шымкент арқылы өткен кезде осы даңғылды дәліз ретінде пайдаланады десек болады.
— Шымкентте Темірлан тасжолы бойында Бекжан базары маңынан салынған жолайырық пен Қонаев-Рысқұлов қиылысында салынған жолайырықтан бөлек тағы қандай жолайырықтар салынады?
— Бәйдібек би даңғылы сол Қонаев даңғылының жалғасы ғой. Қазір Бәйдібек би мен Арғынбеков көшесінің қиылысында жолайырық салынып жатыр. Осының екінші кезеңі, яғни Назарбеков-Назарбаев көшесінің қиылысы бір жол болып кетеді. Осы жерде тағы да бір жолайрық болады. Одан кейін Төлеметов пен Бәйдібек би көшесінің қиылысы және қаланың күре тамыр жолы Ақсукент пен Сайрам ықшамауданынан келетін Жібек жолы көшесі мен Рысқұлов даңғылының қиылысында тағы бір жолайрық салу жоспарланып отыр. Бәйдібек би даңғылы басталатын Көне қала айналма жолы бар. Қазір қаланың даму қарқыны солтүстік батысқа қарай кетіп жатыр. Сол жаққа бір жолайырық қажет болады деген тұжырымға келіп отырмыз.
— Қонаев даңғылы сияқты ірі жолдың бойындағы үй тұрғындары көлік қоятын жер таппай жүреді, мұндай мәселені шешу жолдарын қарастыра аласыздар ма?
— Біздің басқарманың құзіретіне көбінесе жолдар кіреді. Біз автомобиль жолдарын салғанда сол жолдың жиегіндегі белгілі бір метрге дейінгі арақашықтық біздің құзырымызға қарайды. Егер сол арақашықтықтағы жермен шешілетін мәселе болса, әрине, біз оны қарастырамыз. Тұрғындар тарапынан, әсіресе көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындары автотұрақ салып беру жағын өтінеді. Жаңағы айтқанымдай, біздің құзырымызға кіретін жер болса қарастыруға болады, ал ол жекенің жері болса біз ондай жерге автотұрақ сала алмаймыз. Дегенмен біз сала алмаймыз деп біржақты айта салмаймыз. Мүмкіндігінше жер иесімен сөйлесіп мәселенің оң шешімін табуға тырысамыз.
— Бір сағаттың ішінде бір бағыттағы автобустан екінші бағыттағы автобусқа ауысып мінгенде екінші сапарды тегін қылу қашан іске қосылады?
— Бүгінде біздің тасымалдаушыларымыздың барлығы жекеменшік. Біз бұл мәселені сынақтан өткізіп көрдік. Бұл жүйе оң нәтиже берді. Бір сағаттың ішінде екінші қоғамдық көлікке отыру тегін етіп істеуге болады екен. Бірақ тасамалдаушылар тарапынан келісім болмай жатыр. Қазір біз тасымалдаушылармен жұмыс істеп жатырмыз. Екі тасымалдаушы компания «біреуі ақшасын төлеп алып келген жолаушыны екіншісі неге тегін алып кетуім керек» деген сияқты келісімге келе алмай жатыр. Бірақ біз бұл мәселені шешу үшін барымызды салып жатырмыз. Шешіліп қалады деп үміттеніп отырмыз. Айта кетейін, жолаушылар көлігі автомобил жолдары басқармасында жолаушылар көлігіне жауапты орынбасар болған соң қала тұрғындарына өтінішім бар. Егер сіз, қоғамдық көлікті пайдаланушы ретінде жолаушы болсаңыз, міндетті түрде электронды төлем жүйесін пайдалануларыңызды өтінемін. Егер, кондукторлар қолма қол ақшамен төлеуді айтса, міндетті түрде чек талап етуіңізд, осы өтінішіме немқұрайлы қарамауларыңызды сұраймын.