Шымкентте су құбырларын ауыстыру үшін терең құдыққа түскен екі жұмысшы көз жұмды. Үшінші жұмысшы аман қалды.
Otyrar басылымының мәліметінше, оқиға 9 қазанда болған. Үш жұмысшы терең құдыққа түскен. Біраз уақыт өтсе де, олар жер бетіне шықпаған соң әріптестері алаңдап, арттарынан түскен. Кейін зардап шеккендерді жоғарыға алып шыққан.
Алдын ала мәлімет бойынша, 20-22 жас аралығындағы жұмысшылар құдық ішінде жиналған газдан уланған болуы мүмкін. Екі адам оқиға орнында қайтыс болды. Үшінші жұмысшыға медициналық көмек көрсетілді.
Шымкент қалалық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қайғылы жағдайдың барлық мән-жайы, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты тұлғалар анықталуда, – деп мәлімдеді полиция.