Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. 31 мамыр — Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне Шымкентте «Қасірет» мемориал кешенін таныстырамыз.
Бәйдібек би даңғылы бойында орналасқан мемориал кешеннің тарихы ауыр әрі азалы, өйткені мұнда XX ғасырдың 30-40 жылдары және 50 жылдары басындағы қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі жатыр. Кешен тарихы мен мұндағы мүсін, мемориалдың мән-мазмұнын Шымкент қаласының Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейінің экскурсия жүргізушісі Мейірлан Жандарбек айтып берді.
Саяси қуғын-сүргін тақырыбы қазақ халқының, Қазақстан тарихында қара таңбамен жазылған қаралы кезең болып келеді. Бұл совет үкіметі құрылғаннан кейін 5-6 жылдан кейін Голощекин келісімен басталған процесс. Оның басты саясаты — қазақ халқын ұлт ретінде жою. Сосын тәркілеу науқанын жүргізген болатын.
1928 жылдан бастап қазақ байларының, 40 тұяқ малы бар адамдарды бай-кулактарға жатқызып, бүкіл дүниесімен тәркілеп, индустриялық аймақтарға жөнелтуге кірісті. Ал қазақтың бар азығы да, күнкөрісі де осы төрт түлік малға тіреліп тұрды. Бізде ол кезде егіншілік те, балық шаруашылығы да дамымаған болатын. Ол кезде екінің бірінде сондай төрт түлік малы болды. Қазақ даласында 40 млн мал болған екен. Тәркілеуден кейін 4-ақ млн мал қалып, 10 есе азайып, елімізде ашаршылық етек жая бастады. Жейтін азығы жоқ халық ашаршылық кезінде не жерін білмеді. Ит-мысықтың етін жеді, шөп тамырларын қазып, тышқан, бақа-шаян аулады. Тіпті кейбір жерде адам етін жеу фактілері кездескен болатын. Әке-шешесі өз баласының етін жеуге мәжбүр болды. Бұл тарихи фактілер, құжаттарда кездеседі, — дейді Мейірлан Жандарбек.
Тарихи деректер бойынша, 1931-33 жылдары болған ашаршылықта Қазақстанда 2,5 млнға жуық адам қынадай қырылды. Оның 250 мыңы өзге ұлт өкілдері десек, қалғаны — қазақтар. 1 млн 130 мың қазақ көрші елдерге бас сауғалап, үдере көшуге мәжбүр болды.
Қазақты қырып салу саясаты ашаршылықпен біткен жоқ. Кейін қуғын-сүргін басталды. Сол кезде қазақ элитасын, интеллегенциясын жоюға кірісті. 1932 жылы Алаш партиясы құрамында болған Ахмет Байтұрсынұлыны түрмеге қамады. Міржақып Дулатұлы, Смағұл Сәдуақасұлы және тағы басқа көптеген қазақ зиялылары қуғын-сүргінге ұшырап, халық жауы, контрреволюционер, Голощекин саясатына қарсы келді деген жалған айыппен тұтқынға алына бастады. Бірақ кейін олар босатылып, өздерінің жұмысын ары қарай жүргізе берді. Көбі коммунистік партияда болды. Олар көбі коммунистік партияға кіріп, қазақ халқын жоюды көздемеді. Керісінше, Жапония, Еуропа, АҚШ сынды алпауыт, дамыған елдер қатарына қосылу болды. Барлық өмірін соған арнады десек те болады. Бірақ сол 1937-38 жылдары оларды ағылшын тыңшысы, жапон тыңшысы, контрреволюционер деген жалған айыппен жалпы 58 баптың ішіне кіреді, ең жоғары бап — ату жазасы, халық жауы бабы бойынша қамап, 1937-38 жылдары ату жазасына кесілді, — дейді экскурсовод.
Сол мұрағат құжаттарына сүйенсек, 1937-38 жылғы қанды қырғын, қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда 131 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраса, соның 25 мыңға жуығы ату жазасына кесілген. Оңтүстік өңірінде 7 мыңға жуық адам саяси қуғын-сүргінге ұшырап, оның 2500-і атылған.
Оңтүстіктегі қуғын-сүргіннің бір айғағы — Қасірет мемориал кешені. Бұл кешен 1997 жылы салына бастады. 1998 жылы сол кезде облыс әкімі Қалық Абдуллаев кезінде ашылды. 1 жылдан кейін «Ана мен бала» мүсіні қойылды. Авторы — Рүстемов. Мүсін 1999 жылы ашылды. Сол жылы кешен аумағы толықтай қоршалып, көпшілікке қолданысқа берілді. «Ана мен бала» мүсінін көрген адам әртүрлі ойда болады. Азаматын сағынып тұрған ана мен әкесін сағынып тұрған баланы, яғни сағынышты білдіріп тұрған кейіпті бейнелейді. Көбі о кезде сенің күйеулерін, әкелерін халық жауы деп атып тастады ғой. Не көбін Сібірге, итжеккенге жіберді. Ал бұл әйелдерін де халық жауының әйелі, отан сатқындарының әйелдері деп АЛЖИР, Карлаг деген лагерлерге жөнелтті. Тек ер азаматты ғана емес, отбасы мүшелерін де қудалады. АЛЖИР-де 5-10 жыл жазасын өтеп, тегін жұмыс күші қылды. Тегін жұмыс күші арқылы Совет индустриясын дамытып отырды, — деді Мейірлан Жандарбек.
Мүсіннің жанынан өтіп, төмен қарай түссек, осы кешеннің тақтасы мен Қасірет мемориалы бар. Темір тор және темір тордың ішінде қақ айырылған мәрмәр тас.
Бұл жерде темір тор дегеніміз — көбі жазықсыздан жазықсыз абақтыға қамалған азаматтарды бейнелейді. Ал қақ айырылған мәрмәр тас — көптеген армандардың, мақсаттардың жүзеге аспай, қақ айырылғанын білдіреді. Ал темір тордың бұрышынды жылаған көз бар. Сол көптеген ер азаматтар атылды. Бұл жылаған көз — сол азаматтардың отбасының, жақындарының, туған-туыстарының сағынышы деген көз жасы, — дейді экскурсовод.
Мемориал кешен ашылғанда осы «Қасірет» мемориалы салынған. Мұны Садырбаев пен Төлтиев жасаған екен.
Тағы бір айтатын жайт — 1998 жылы Дархан Мыңбай бастаған топ Азалы кітапты жазып шықты. Зерде баспасынан шыққан. Азалы кітапта атылған 1568 адамның аты-жөні жазылған. Қуғын-сүргінге ұшырап, атылған азаматтарды зерттеп, кітапқа енгізілген. Ал қазіргі таңда сол тізім 2050 адамға дейін толықтырылды. Жалпы айтқанда 2500-ға жуық адам атылды, деп келеді. Зерттеу жұмыстарының барысында ол тізім жалғасып жатыр. Біздің музей 2001 жылы ашылған. Содан бері музей қызметкерлері осы саяси қуғын-сүргін ұрпақтарды іздеумен айналысқан. Үй-үйіне барып, нөмірлерін алып, тегі сәйкес келсе, құжаттарын алып, қор жинақтаған. 16 мыңдай құжат бар. Музей қызметкерлерінің еңбегі арқасында толықтырылып отыр. Сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың ұрпақтарымен байланыс орнатылды. Көптеген құжат сол кезде алынды. Оңтүстікте атылған 2500-дей адамның ішінде 100-ден астам мұсылман діни қызметкерлері, молдалар, ишандар ату жазасына кесілді, — дейді ол.
«Қасірет» мемориал кешенінде крест тақтасы да бар. Мұны бертінде қойыпты.
Жалпы негізі қуғын-сүргін жылдары Оңтүстікте 66 аса шіркеу діни қызметкерлері болған. Сол 60-тан астам діни қызметкер атылған. Соларға арналған ескерткіш. Анатолий Шымкентских деген қалалық поп қызметкерінің бастамасымен орнатылған, — деді Мейірлан Жандарбек.
Жалпы бұл мекенді Түлкі сай, Азалы сай, Албастысай, аталуының да өз себептері бар.
Кезінде Бұл сайда түлкілер көп мекендеген. Сол себепті осы сайда адамдар түлкі аулаған. Осы сай Түлкі сайы деп аталып кеткен. Кейін 1937-38 жылдары бұл жерді Албастысай деп атады. Неге, өйткені, осы сайға адамдарды апарып, атып тастап, көміп кете берген. Бұйрық бойынша атып, ешқандай аты-жөнін жазбай, көміп кете берген. Атылған азаматтар бірден өлмеген. Олардың жанайқайы, қиналған дауыстары, айқайлаған айқайы естілген соң, жанынан өтіп бара жатқан адамдар бұл жерді Албастысай деп атап кеткен. Тағы бір айта кетер жайт — сүйек құрамында фосфор элементі болады. Адам қаңқасында бар. Фосфор элементі түнде жарқырайды. Фосфор элементі түнде жарқыраған соң, мұнда адамдар емес, шайтандар мекендеген де атау қалыптасып кеткен. Сайдың ұзындығы 6 шақырымдай. Соның өне бойында атқан. Қазіргі Қазыбек би көшесімен адамдарды кісендеп, жаяу апарып, колоннамен осы сайға әкеліп, атып тастап кете берген. Түрменің қай жерде болғанын ешкім білмейді. Өйткені өртеп, архивті жойып жіберген. 2500 адамның басым көпшілігі сайда атылған. Оның 95 пайызы ер азаматтар болған. Әйелдерін лагерлерге жер аударып жіберген. Ататындарды қалай таңдағаны туралы мәлімет бар. Тас төселген жол 4-5 шақырымға дейін барады. 1989 жылы мұнда қазба жұмыстары жүргізіліп, атылған адамдардың сүйектерін жинап, жанындағы мазараттарқа жерлеген, — деді экскурсовод.
Оның сөзінше, қуғын-сүргін жылдары адамдарға қисынсыз, күлкі келтіретін жалған айып тағылған.
Мәселен, бір көршісі етігі ұрлап кеткені үшін үстінен жалған айып тағып, шағым, яғни «донос» жасаған. Сол үшін де атылып кеткен адамдар болған. Қызметте көтерілген адамдарды жақындары көре алмай, құлату мақсатында соның орнын алып қалу мақсатында сатып жіберген. Арыз жазып, «донос» жасаған. «Донос» жасағандар көп болды. Ахмет Байтұрсынұлының: «Қинамайды абақтыға жапқаны, Қиын емес, дарға асқаны, атқаны, Маған қиын осылардың бəрінен, Өз аулыңның иттері үріп- қапқаны...» деген өлең шумағынан байқасақ та болады. Көбі қызғану, көре алмаушылықтан «донос» жасаған. Туыстары, көршілері артынан арыз жазып, соның негізінде халық жауы, контрреволюционер, деп айып тағып, атып жіберген. НКВД-да осынша адамды ату керек деп жоспар болған. Сол кезде көбі өзінің тегін ауыстырып жіберген. Отбасы мүшелері де қудаланған кезде күдікке ілінбес үшін тегін өзгертті, — дейді ол.
«Қасірет» мемориалы орналасқан жерді бұрындары Қайтпас жақ деп атаған. Қазір мұнда Қайтпас шағынауданы бар.
Қайтпас атауын көбі шатастырып жатады. Бұл атау адамдарды осында апарып, атып тастап, үйіне қайтпаған соң бұл атау туындаса керек деп пайымдайды. Бірақ осы мекенде «Қайтпас қайсар» деген совхоз құрылмақ болған. Содан қалған атау. Қайсар сөзі кейін түсіп қалған, — дейді Мейірлан Жандарбек.
Ол Саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде 2020 жылдан бері экскурсовод болып жұмыс істейді. Қазір музей қала қонақтары мен тұрғындарына арнайы турлар ұйымдастырады.
Бізде «Өткенге оралу» деген тур бар. Шымкенттегі бірнеше орын кірген. Музейіміз, Қасірет мемориал кешені, Бәйдібек би ескерткіш кешені және Тәуелсіздік саябағына апарып, таныстырамыз. Музейден бастап, Қасірет мемориалына әкеліп, Бәйдібек би ескерткішіне апарып, Тәуелсіздік саябағымен аяқтаймыз. Байқағаным — қазіргі жас буын тарихымызға қатты қызығады. Көбінің бұл мекен туралы хабары бар. Қасірет мемориалы, себебін орта сыныптағылардың көбі біледі, — деді Мейірлан Жандарбек.