Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Білім және ғылым министрлігіне қарасты ұйым – Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің атқарып отырған жұмыстарымен танысты.
Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала басшысы білім сапасының жоғары болуы ең негізгі міндет екенін ашып айтты. Қаламыздың мегаполис ретінде қалыптасуы білім көрсеткіштерімен тікелей байланысты екенін айта отырып, осы салада қызмет атқаратын ұйымдардың жұмыс нәтижесі педагог кадрлардың кәсіби тұрғыда білікті маман болып танылуымен, оқушылардың білім деңгейінің жоғары болуымен өлшенеді деп атап көрсетті.
Департамент басшысы Нұргүл Шамшиева берген мәліметке сәйкес, мекеме төрт негізгі бағыт бойынша қызмет атқарады: білім беру қызметінің жоғары сапасын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік бақылау шараларын жүргізу, педагогтардың және балалардың құқықтарын қорғау, білім беру қызметімен айналысу үшін лицензия және лицензияға қосымша беру, білім беру ұйымдарынан шығатын ресми құжаттарға апостиль қою.
Департамент қызметі білім беру ұйымдарына әдістемелік көмек көрсету функциясымен толығып, бақылау жүргізу міндеті 51 параметрлік көрсеткіштен 31 параметрге дейін төмендеген.
Жүктелген міндеттер шеңберінде биылғы жылы қалалық білім басқармасына қатысты 22 білім беру ұйымы профилактикалық бақылаумен қамтылған. Олардың нәтижесімен анықталған кемшіліктерді білім беру ұйымдарының жетекшілерімен келісілген мерзімдерінде жою туралы ұйғарымдар шығарылған.
Педагогтардың және балалардың құқықтарын қорғау міндетін іске асыру бойынша департамент жанынан білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп жөніндегі кеңесші орган құрылған. Кеңес мүшелері қала аудандарында педагогтармен мақсатты кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ұлттық біліктілік тестілеу ережелерін бұзған педагогтармен жеке-дара әңгемелесулер жүргізіп, білім беру ісінің стандарттары мен талаптарын түсіндірген.
Балалардың құқықтарын қорғау міндеті бойынша арнайы мониторингтік топ құрылып, жеткіншектердің құқығын қорғау бойынша қоғамдық бақылау жүргізеді. Осы бағытта департаментте сенім телефоны ашылып, жауапты маман бекітілген. Әлеуметтік желілер контентінде «Бала қорғау» айдарымен жедел көмек беру чаты іске қосылып, оған қаланың мыңнан аса тұрғындары қосылған.
Департаменттің атқарып отырған қызметімен мұқият танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов, сапалы білім арқылы саналы ұрпақ тәрбиеленетініне назар аударып, білім сапасын арттыруда білім беру ұйымдарының арасында саналы бәсекелестікті орнықтыру керектігіне көңіл бөлді.
Шымкент қаласында биылдың өзінде жекеменшік 16 мектеп іске қосылатынын атап өткен қала басшысы, осы санаттағы білім беру ұйымдарындағы білім сапасы тұрақты бақылауға алыну керектігін атап өтті. Мұғалімдердің кәсіби дайындығы жоғары, оқушылары оқу озаты болып табылатын мектептердің үлгісін барлық білім беру ұйымдары зерделеп, жұмыстарын осы бағытта жетілдіруге талпындыру керектігіне назар аударды.
Білім саласын жетілдіруде департаменттің атқарып отырған қызметі маңызды екенін атап, Мемлекет басшысы жариялаған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша департаменттің қызметі жөнінде БАҚ өкілдері үшін тұрақты брифингтер өткізіп тұруға шақырды.
Н.Шамшиева жұмыс тиімділігін арттыруда қолдау көрсеткен қала әкіміне алғысын жеткізе отырып, мектептер мен балабақшалар салуға жеке инвестиция тарту көрсеткіштері бойынша Шымкент республикада алдыңғы қатарға шыққандығын атап өтті. Педагог кадрларды жұмысқа орналастыруда, мектеп директорларын ротациялауда мейлінше жариялылық қамтамасыз етіліп жатқандығына тоқталды.
Шымкент қаласы білім саласына қаржы бөлу көрсеткіштері бойынша елімізде алдыңғы орында тұрғандығына назар аударып, педагогтар мен оқушылар артылған үмітті ақтайтынына сенім білдірді.