Бүгін, 11 ақпанда Шымкент қаласының Еңбекші ауданында қайғылы оқиға орын алды. Көпқабатты тұрғын үй ауласында ағаштың сынған бұтағы құлап, 2016 жылы туған бала көз жұмды, деп хабарлайды BAQ.KZ Otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға Елшібек батыр көшесіндегі №114 үйдің ауласында шамамен сағат 16:30-17:00 аралығында болған. Қалың қардың салдарынан ағаштың бір бөлігі сынып, сол сәтте аулада жүрген балаға құлаған.
Баланың денесін алғаш болып аумақты тазалап жүрген жұмысшылар байқап, жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер келген кезде бала алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмғаны анықталған.
Марқұм №36 орта мектептің 4-сынып оқушысы болған. Ол анасымен бірге тұрған.
Оқиға орнында жедел қызмет өкілдері жұмыс істеді. Қазіргі уақытта мән-жайы анықталуда. Ресми органдар әзірге түсініктеме берген жоқ.
Айта кетейік, 11 ақпанға қараған түні Шымкентте жаңбыр жауып, таңертең қалың қар түскен. Қалада коммуналдық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.