Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Данияр Амалбековтың қаза табуына байланысты, отбасының әскери құрылымдар тарапынан қысым көрсетілгені жөніндегі мәлімдемелері аясында ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде қаза тапқан сарбаздың туыстарының сөздеріне сүйенген ақпарат тараған болатын. Әскери қызметшінің әкесі Серік Амалбеков ұлы қайтыс болғаннан кейін өзіне қысым көрсетілгенін, ал әскери құрылым өкілдері баласының әскерге дейін ауырғаны жөнінде бейнеүндеу жазуға мәжбүрлегенін айтқан. Сондай-ақ отбасы лейкоз диагнозы туралы нұсқаны жоққа шығарып, бұл диагнозға қатысты ресми медициналық растау болмағанын мәлімдеген.
Ұлттық ұланның хабарлауынша, Данияр Амалбеков әскери бөлімге 2025 жылғы 9 желтоқсанда келген, ал медициналық көмекке алғаш рет 17 желтоқсанда жүгінген.
Сол сәттен бастап оған қажетті медициналық көмек көрсетілді: талдаулар тағайындалып, тексерулер жүргізілді, әскери қызметші медициналық мамандардың бақылауында болды, - делінген ресми хабарламада.
Ұлттық ұлан дерегінше, 29 желтоқсанда сарбаздың денсаулығының нашарлауына байланысты оны ауруханаға жатқызу туралы шешім қабылданып, Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жеткізілген.
Өкінішке қарай, 2026 жылғы 6 қаңтарда, қабылданған барлық шаралар мен көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жүрек тоқтауы тіркелді. Алдын ала диагноз – жедел лейкоз, - деп мәлімдеді ведомство.
Сондай-ақ Ұлттық ұлан бұл дерек бойынша әскери-тергеу департаменті тарапынан қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта барлық қажетті процессуалдық әрекеттер жүргізіліп жатыр, ал тергеу барысы әскери прокуратураның бақылауында.
Ресми түсініктемеде марқұмның отбасына қысым көрсетілді деген мәлімдемелерге де жеке тоқталынды.
Қаза тапқан әскери қызметшінің отбасына қысым көрсетілгенін дәлелдейтін қандай да бір фактілер расталған жоқ. Дегенмен, бұл уәждер тергеу аясында қосымша түрде міндетті түрде тексеріледі, - деп мәлімдеді Ұлттық ұлан өкілдері.
Сонымен қатар ведомство тарапынан марқұмның отбасына жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқаны айтылды. Жерлеу рәсіміне қажетті көмек көрсетілген, ал әскери бөлім басшылығы ата-анамен тұрақты байланыста болып, барлық қажетті қолдау мен жәрдем көрсетуге дайын екені атап өтілді.
Бұл отбасы үшін аса ауыр қайғы екенін түсінеміз және жағдайға барынша жауапкершілікпен әрі мұқият қараймыз. Осыған байланысты азаматтарды тек ресми ақпаратқа ғана сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырамыз, - деп атап өтті ведомство.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласында 6506 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі қаза тапқаны туралы хабарланған болатын.