«Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Шымкентте қариялар мен ардагерлер үйін тазалау, шөптерін орып, қоқыстарды шығару, ағаштарды әктеу жұмыстары жүргізіліп, құрмет көрсетілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
«Таза Қазақстан» акциясы аясында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы бастаған бір топ белсенділер, студент жастар, еріктілер ҰОС ардагері Нина Мосунованың шаңырағына бас сұқты. Жастар ауланы тазартып, ағаш түптерін қопсытты. Қоршауларды сырлады.
Бүгінде Шымкентте екі-ақ соғыс ардагері қалған. Соның бірі – Нина Мосунова. Қария биыл 100-ге келіп отыр. Ол 1942 жылы әскерге өз еркімен аттанып, Можайск маңындағы соғыста қолына пулемет алып жауға қарсы шыққан. Соғыстан соң кассир, кітапханашы, хатшы-машинистка болған. Қазіргі таңда 2 немере, 5 шөбере сүйіп отыр.
Бізге бейбіт өмір сыйлаған Ұлы Отан соғысының және тыл ардагерлерінің ерлігін бағалау – біздің парызымыз. Біз – ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды қадірлейтін халықпыз. Ендігі парызымыз көзі тірісінде осы кісілерге барынша қамқорлық жасап, көмегімізді аямау. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбіт күндеріміз үшін алғыс айтамыз, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Нина әжей қала орталығындағы алақандай үйде немересінің қамқорлығында тұрып жатыр. Жиналған жастарға ризашылығын айтып, жылап қалды. Отан үшін отқа түсіп, қан майданда жеткен жеңісі, бүгінгі бейбіт өмір үшін бас иіп, алғыс білдірді.
Енді соғыс деген зұлматты жастар көрмесін. Елімізде тек бейбітшілік болсын, - деді қарт ана.