Шымкентте өндірістік жылыжай салуға сұраныс көп

23 Ақпан 2022, 19:55
2478
Бөлісу:
Шымкентте өндірістік жылыжай салуға сұраныс көп
Фото: автордан

Шымкент, BAQ. KZ тілшісі. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкенте ауыл шаруашылығына арналған жер көлемі шектеулі. 

Әйтсе де қалада жоғары технологияны қолдана отырып, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыруға болады. Шымкент қаласының ауылшаруашылық және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әбунасыр Жанбатыров қалада агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша қандай жұмыс істеліп жатқанын айтты.

— 2021 жылы Шымкенттің ауыл шаруашылығы саласында қандай елеулі жетістіктер болды?

— 2021 жылғы құрғақшылыққа қарамастан бірқатар жоба орындалды. Атап айтсам,18 жоба жүзеге асты. Мұның ішінде сүт өнімдері фермасы, мал бордақылау алаңдары, көкөністі қайта өңдеу кәсіпорындары бар. Сүтті қайта өңдеу кәсіпорны да модернизациядан өтті. Мал шаруашылығы саласында ет және сүт өндіру бойынша бірнеше жоба іске қосылды.

— Жалпы Шымкентте ауыл шаруашылығы саласы бойынша қандай кәсіп түрлерімен айналысуға мүмкіндік бар? Яғни қай саланы дамытуға басымдық берілді?

— Біз республикалық маңызы бар қала болған соң қаламызда ауылшаруашылығына арналған жер шектеулі. Бірақ соған қарамастан озық технологияларды қолданып, бірқатар жобаны жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Соның ішінде жылыжай кешенінің жұмысын жүргізуге сұраныс басым. Яғни 1 гектардан асатын өндірістік жылыжай кешеніне сұраныс көп. Өйткені ауа-райының қолайсыз болуы бұған қатты әсер етпейді. Жылыту және климат бақылау жүйесімен қамтамасыз етілген. Мұның барлығы заманауи технологияларды қолдана отырып, жүзеге асырады. Қаламызда қайта өңдеу кәсібі дамып жатқан соң мұндай жұмыспен айналысуға да сұраныс көп. Сонымен қатар үй алдындағы жерді игеру сынды жобаларды жандандырып, араы қарай жүзеге асырып жатырмыз.

2018-2021 жылдары бізде 32 гектар өнеркәсіптік жылыжай іске қосылды. Бұл — еліміз бойынша үлкен көрсеткіштердің бірі. Мысалы 1 гектар жерден 10-20 тонна шамасында өнім алатын болса, жылыжайда 1 гектар жерде бір айналымда 200 тонна өнім алады. Міне, айырмашылықты қараңыз. Әәрине, шаруаларға жылыжай тиімді. Еңбек өнімділігі 10 есе жоғары. Сондықтан да жұртшылықты осы жылыжай кәсібімен айналысуға бағыттап отырмыз.

Шымкентте өндірістік жылыжай салуға сұраныс көп

— Қаламызда жылыжай салу үшін қандай технологиялар қолданылады?

— Біздің нарықта Түркия, Еуропа, және Оңтүстік Кореяның технологиясы бар. Кәсіпкер соның барлығын нарықтан зерттеп тиімдісін қолдана алады. Сапасы, кепілдігін зерттей келе әлеуетті салып берушіні таңдайды. Мемлекет тарапынан «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы жеңілдетілген несие беріледі. Үкімет тарапынан несиенің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау бар. Бұдан бөлек, шығынның 25%-ын Үкімет тарапынна өтеп беру қарастырылған. Осындай мемлекеттік қолдауларды пайдалану арқылы азаматтарымызға жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік бар. Бұл бағытта Мәртөбе тұрғын алабында арнайы индустриалды аймақ құрғанбыз. Қазір сол жерді инфрақұрылыммен қамту жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Яғни кез келген кәсіпкер сол жерден жер алып, жұмысын жүзеге асырады.

— Шымкентте сирек кездесетін кәсіп түрімен айналысатын кәсіпкер бар ма?

— Адамдар көп жағдайда мемлекеттік қолдау бар кәсіп түрлерін ашуға бейім тұрады. Осы тұста мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етілмеген, бірақ өте тиімді салалар бар екенін айтқым келіп отыр. Мәселен, бізде асыл тұқымды қоян өсіретін арнайы ұйым бар. Ұйымның төрағасы Еуропада елдерінде қоян өсіру бойынша оқып келген. Сосын гидропоника деген технология бар. Бұл қуаншылықтың кезінде өте тиімді технология. Бірақ жаңа технология болған соң көпшілігі оны түсінбей жатыр. Гидропоника арқылы жем-шөп өндіруге болады. Егістік жерді қажет етпейді. Ғимарат ішінде сөрелерге салып қойса, 7 күннің ішінде бір азық түрі дайын болады. Қажет азықтың тұқымын сеуіп, бір аптадай күтіп баптайды. Азық дайын. Осындай жаңа технологияны меңгергендер өте жақсы жұмыс істеп жатыр. Бұған мемлекеттік қолдау жоқ, дегенмен өте тиімді екенін айта кетеін. Мен кәсіпкерлерге несие алып, осындай бағытпен айналысуға кеңес берер едім.

— Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы және демалыс күндері өткізілетін жәрмеңкелерге ойыссақ. Қазір Шымкентте бұл жағы қалай боп жатыр?

— Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру — қазіргі күн тәртібіндегі ең маңызды мәселе. Кейбір азық-түлік, көкөніс түрлерін экспортқа шығармау бойынша шектеулер енгізілді. Себебі ішкі нарықты қамтамасыз ету арқылы бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу керек. Ал жергілікті атқарушы орган ретінде әкімдік тарапынан тұрақтандыру қоры аясында 7,7 млрд теңге бөлінді. Бұған кәсіпкерлерге айналым қаражатын беру есебінен әлеуметтік маңызы бар 19 тауардың бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ал жәрмеңке апта сайын 4 жерде өтеді. Біріншісі — Гагарин көшесінде орналасқан «1000 ұсақ-түйек» сауда нүктесі. Екіншісі, Фосфоршылар сарайының алды. Үшіншісі, Рахима плаза сауда нүктесі жанында. Және төртіншісі әрі негізгісі Қажымұқан стадионының алдында болады. Енді осы 4 жерде болатын жәрмеңкедегі орын санын тағы 7-8 нүктеге ұлғайту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек айналым қаражаты арқылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерін сататын орындар санын 115-ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Енді жәрмеңкелер мен сауда нүктелері осы 19 тауардың бағасын келісімшартқа сәйкес ұстамаса, айыппұл салып немесе келісімшарт күшін жою шарасын қолданамыз. Егер осы тауарлар бағасына шағым болса, 24-75-41 нөміріне хабарласып, шағымдану керек.

Шымкентте өндірістік жылыжай салуға сұраныс көп

— Биыл иесіз ит-мысықтарды аулап ұстауға қанша қаржы бөлінді?

— Бұл да өте маңызды жұмыстың бірі. Қаңғыбас ит-мысақтарды аулап ұстауға 2022 жылы 130 млн теңге қарастырылған. Біздің «Защита животных» деген арнайы тобымыз бар. Ауылшаруашылық басқармасына қарасты «Ведқызмет» деген коммуналды кәсіпорын бар. Соның базасында 8 бригада құрылған. Мұны уақытша ұстап тұру орны Еңбекші ауданында орналасқан. Мұның бәрін қазір жалға алып жұмыс істеп отырмыз. ҚБіз құрылыс басқармасымен бірлесіп, Абай ауданындағы Ақжар елдімекенінде қаңғыбас ит-мысықтарды ұстап тұратын арнайы орын салу жоспар бар. Сол жерге жай орын салып қою емес, арнайы идеясы бар. ДЦП-мен ауыратын балалар иттермен серуендегенде олардың оңалуына оң әсерін тигізетін жағдай бар екен. Сол үшін ол жерде сондай серуендеу алаңы да қарастырылады. Қалада көпқабатты үүйде тұрып, үй жануарларын ұстайтын адамдардың көпшілігі жануарларын серуендететін жер таппайды. Оларға да сондай жер қарастырылады. Осы арнайы орын салынғаннан кейін ит-мысықтарды стерилизация және кастрация жұмысын жүргіземіз.

— Сұхбатыңызға рахмет!

Өзгелердің жаңалығы