Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шымкентте мерзімді әскери қызметтегі сарбаз көз жұмды

7 Қаңтар 2026, 16:48
685
Бөлісу:
 pixabay.com
Фото: pixabay.com

Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының мерзімді әскери қызметшісі қайтыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұлттық ұланның мәліметінше, сарбаз Жамбыл облысының Тараз қаласынан шақырылған. Қызмет өткеру кезеңінде ол бірнеше рет медициналық көмекке жүгінген, дәрігерлердің бақылауында болып, Шымкент қаласындағы емдеу мекемелерінде тексеруден өткен.

6 қаңтарда әскери қызметшінің жүрегі кенеттен тоқтаған. Жүргізілген реанимациялық шараларға қарамастан, оны аман алып қалу мүмкін болмады, ол қалалық ауруханалардың бірінде көз жұмды. Алдын ала деректерге сәйкес, өлімнің себебі жедел лейкоз болған.

Аталған дерек бойынша әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Ұлттық ұланда оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында жан-жақты зерттелетінін, жағдай Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары — Ұлттық ұланның бас қолбасшысының жеке бақылауында екенін мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қолбасшылығы мен жеке құрамы марқұмның туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтты.

Өзгелердің жаңалығы