Астана, baq.kz. Бұл жөнінде әкім аппаратының мәжілісінде Шымкент қаласы бюджетінің атқарылуы туралы баяндаған қаржы басқармасының басшысы К.Жанбосынов мәлімдеді, деп жазады Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Оның айтуынша, өткен жылдың қорытындысымен мемлекеттік бюджетке түсетін түсім 157 млрд. 604,9 млн. теңге көлемінде жоспарланса, нақты түсім 168 млрд. 611,7 млн. теңгені құрап, жоспар 106,9 пайызға орындалған.
«Оның ішінде 2018 жылы республикалық бюджетке 96 млрд. 450 млн. теңге түсіп, жоспар 107,6 пайызға орындалды. Сонымен қатар, қала бюджетінің кіріс бөлігі 106,1 пайызға орындалып, нақты түсім 72 млрд. 161,7 млн. теңгені құрады немесе 4 млрд. 153,5 млн. теңге бюджетке артық түсті»,-деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, басқарма басшысы шығыс бюджетінің қаражаттары есепті кезеңге 99,9 пайызға игерілгенін айтып өтті.
Қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелеріне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайы түсіндірілді.
Алдағы жылдары қаланың даму жолында жұмыс атқарылатынын айтқан қала басшысы бөлінген мемлекет қаражатының тиісті деңгейде орындалуын жіті назарда ұстауды сала жетекшілеріне тапсырды.