Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте жақында тағайындалған білім басқармасының басшысына қатысты журналист сынына жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ашық деректерге қарағанда ол кісі мектеп қабырғасында бір күн де жұмыс жасамаған. Педагогикалық тәжірибесі жоқ маманға күрделі білім саласын тапсыру қаншалықты дұрыс шешім? – деп сұрады БАҚ өкілі.
Шымкент қаласының әкімі басқарма басшысын тағайындауда жұмыс қабілеті ескерілетінін атады.
Тәжірибелі, мектепте мұғалімнен бастаған кісілер бар. Бірақ олардың менеджерлік, басқару қабілеті болмауы мүмкін. Қазіргі білім басқармасының басшысы басқа да салаларда тәжірибесі бар, өзін сол жерде орынбасар болған кезде жақсы жағынан көрсете білді. Біз тек қана адамның жұмыс қабілетіне қараймыз, - деді ол.
Сыздықбеков тағайындалған білім басқармасының басшысы қажет комиссиядан өтіп, жұмысын жақсы атқарып жатқанын жеткізді.
Басқармаларға басшыны тағайындау құзыретті министрліктермен, одан бөлек мемлекеттік қызмет агенттігімен келісіледі. Оның бәрінен, сұхбат алатын комиссиядан өтті. Бұған дейін бірнеше басшы ауысқан, өте қиын сала. Одан бөлек өңірлік проблемалары бар. Соның бәрін шешеді деп тағайындадық. Жұмысын жақсы атқарып жатыр, - деді әкім.
Айта кетейік, биылғы 30 қазанда қала әкімінің өкімімен Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы лауазымына Қуаныш Ғалымжанұлы Ысқақов тағайындалған болатын.