2025 жылы Шымкент қаласында 27 560 сәби дүниеге келіп, мегаполис демографиялық өсім бойынша елде алдыңғы қатардан көрінді. Соның нәтижесінде көпбалалы отбасылар саны да айтарлықтай артты, деп хабарлайды BAQ.KZ 24.kz-ке сілтеме жасап.
Қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, бүгінде Шымкентте 70 728 көпбалалы ана бар. Оның ішінде «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері – 14 837 адам. Статистика көпбалалы аналар санының жыл сайын өсіп отырғанын көрсетеді.
Отбасы институтын нығайту мақсатында өңірде Президент тапсырмасымен «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Мұнда тұрғындарға психологиялық және құқықтық көмек көрсетіліп, қайта даярлау курстары ұйымдастырылады. Орталық басшысы Абибулла Қалымбеттің мәліметінше, 8 мыңнан астам адам қабылданып, 12 800-ге жуық кеңес берілген.
Қолдау шараларының арқасында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 42,3%-ға азайған. Бұрын 46 мың адам мемлекеттік қолдауға мұқтаж болса, қазір бұл көрсеткіш 26 мыңға жуықтады. Мамандар бұл оң өзгерісті тұрғындардың тұрақты табыс көзін табуымен байланыстырады.