Шымкентте іске қосылған «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы кімдер үй алады?

28 Ақпан 2023, 20:34
4629
Бөлісу:
Шымкентте іске қосылған «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы кімдер үй алады?
Фото: автордан

 Биыл ақпанда Шымкентте “Қамқор” өңірлік бағдарламасы іске қосылып, бірінші кезеңде 150 адамды баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған. Бұл бағдарламаның басқа да тұрғын үй бағдарламаларынан негізгі ерекшелігі – тұрғын үй кезегіне тұру бойынша арнайы санаттарға жатпайтын азаматтарға жеңілдетілген пайызбен ипотекаға пәтер беруді қарастырады, деп хабарлайды өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Жалпы бұл бағдарламаның талабы мен шарты қандай? Кімдер қатыса алады? Сондай-ақ, биыл Шымкентте тағы қай бағдарлама бойынша үй беру жоспарланған? Осы және тағы басқа сауалдарға Шымкент қаласы тұрғын-үй басқармасының есепке алу және тұрғын үйді бөлу бөлімінің басшысы Жұлдызай Ордабекова жауап берді. 

– Әуелі, ең жиі қойылатын сұрақтан бастайық. «Қамқор» бағдарламасы арқылы кімдер үй ала алады, яғни кімдер қатыса алады?

– “Қамқор” бағдарламасы жергілікті бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Яғни, бұл – өңірлік бағдарлама. Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап жүзеге асыру көзделген. Қатысушыларға қойылатын бірнеше талап бар. Өтініш беруші соңғы 3 жылда Шымкент қаласында тұрғылықты мекенжайда тіркеуде болуы керек. Соңғы бес жылда иелегінде үйі болмауы керек. Енді қай санаттағы азаматтар қатыса алады дегенге келсек, БАҚ қызметкерлері, журналистер, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, энергетика саласының қызметкерлері, ЖОО оқытушылары, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері қатыса алады. Бізде білім және денсаулық сақтау саласының кейбір мекемелері жекеменшік нысанға ауысып жатыр. Салдарынан ондағы қызметкерлер жекеменшік мекеменің қызметкері санатына жатқан соң тұрғын үй кезегіне тіркеле алмай қалады. Сол үшін де осындай саладағы жекеменшік нысанда еңбек ететін қызметкерлерді қамтып отырмыз. Тағы бір айта өтер жайт, БАҚ өкілдері, яғни журналистер бізде ешқандай тұрғын үй бағдарламасына қатыса алатын санатқа жатпайды. Олар да тыс қалып отыр. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары, биыл ҚР Премьер-министрлігінің хаттамалық тапсырмасына сәйкес, энергетика саласының мамандары осы “Қамқор” бағдарламасының қатыса алады. Яғни, қатысуға өтініш білдірушілер осы санатқа кіретін салада еңбек етіп жүрген болуы керек. 

 – Ал бағдарламаның шарты қандай?

– Бұл бағдарлама арқылы берілетін займның ең көп мөлшері 20 млн теңгеден аспайды. Пайыздық мөлшерлемесі – 5%. Бастапқы жарнасы – 10%-дан басталады. Несиелеу мерзімі – 25 жылға дейін жалғасады. Бұл “Қамқор” өңірлік бағдарламасына Шымкент қаласы аумағында салынған үйлерді алуға болады. Қазір “Отбасы банк” осы өңірлік бағдарламаны жүзеге асыру жұмыстарын атқарып жатыр. Жұмыс толық аяқталған соң шамамен бірінші жарты жылдықтың ішінде басталады деп күтіп отырмыз. 

– Үйлер конкурс арқылы беріле ма? Конкурсты кім жүргізеді?

– Әрине, конкурс болады. Конкурсты “Отбасы банк” жүргізеді. Жоғарыда аталған салада қызмет ететін, жұмыс істейтін азаматтар конкурсқа қатыса алады. Оның ішінде 35 жасқа дейінгі қатысушыларға басымдық құқық беріледі. Конкурс баллдық жүйемен жүргізіледі. Некеде тұрған жылы, Шымкент қаласындағы еңбек өтілі, тәжірибесі, бала саны, әлеуметтік статусына да назар аударылады. Банк ары қарай несиелейді. 

– Биыл мемлекеттік және бюджеттік ұйым қызметкерлері санатына жататын адамдарға үй беріле ма? 

– 2019 жылдан бері “Нұрлы жер” бағдарламасы аясында республикалық бюджетке салынған тұрғын үйлерді мемлекеттік қызметкер, бюджеттік ұйым қызметкерлері санатына беру тоқтатылды. Ол кісілердің кезегі жүрмей қалған. Енді биылдан бастап осы санаттағы адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджет қаржысына салынып жатқан 324 пәтердің құрылысы аяқталуға жақын. Соның ішінде 111 пәтер осы кісілерге беріледі. 324 пәтердің барлығы “Тұран” шағынауданы мен “Нұрсәт” шағынауданында орналасқан тұрғын үйлерден беріледі. Тұрғын үйде қызметтік пәтер деген бөлек, ал  қызметтік пәтерге теңестірілген деген бөлек. Мұны шатастырмау керек. Ал бұл санаттағы адамдарға берілетін үйлер қызметтік пәтерге теңестірілген болып келеді. Біріншіден қай тұрғын үйлер бірінші дайын боп, таратылғаныа байланысты болады. Екіншіден тұрғын үй комиссиясының шешімімен де қаралды. 

– Үй кезегінде тұрған адамдарға 1414 нөмірінен смс келіп жатыр екен. Не хабарлама екенін айтып берсеңіз.

– Бұрын түгендеу жұмыстары қағаз жүзінде қаралатын. Адамдар халыққа қызмет көрсету орталығынан қағаз жинап, бізге алып келіп, өткізіп, біз оны тексеріп деген сияқты процесс ұзаққа созылатын. Қазір бір смс-ке «иә» деп жауап берсеңіз, біз оны қарай компьютерден шешеміз. Яғни дербес деректеріңізді тартып, түгендеу жұмыстарын жүргіземіз. 

– Тіркеуде тұрған адам санатын өзгерткісі келсе, кезегі сақтала ма? 

– Өтінім беруші алғашында қандай санатты таңдау арқылы өтінім берсе, сол санатпен кезекке тіркейді. Қазіргі таңда заңда кезекті бір санаттан екінші санатқа ауыстыру деген қаралмаған. Егер “екінші бір санатқа тұруым керек, сол жерден бір субсидия пайдалануым керек” десе онда кезегі осы күнмен ауысады. Шыққан санаттағы кезегі сақталмайды. 

– Қазір пәтер жалдау ақысының жартысын субсидиялау үшін қайда құжат өткізсе болады? 

– Бұл субсидияға 4 санат бойынша адамдар қатыса алады. Жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасылар, I, II топтағы ерекше жандар және ерекше бала асырап отырған отбасылар қатысады. 

Алдымен үй иесімен жалдау шартын түзіп, Шымкент қаласы, Бейбітшілік көшесі, 3 үй мекенжайындағы Amanat партиясы ғимаратының бірінші қабатында “Отбасы банк” менеджрлері отыр. Осы мәселе бойынша сұрақтарыңызға жауап беріп, құжат қабылдайды. Сол жерге барып құжат тапсырып, кеңес алуға болады. 

– Үй кезегінде тұрған адамдар кезегі қанша орынға жылжығанын қалай біле алады? 

– Тұрғындар тарапынан бізге өті жиі қойылатын сұрақ та осы. Кезекке тапсырған кезде kezekte.kz порталы арқылы құжат тапсырады. Кезектің қаншаға жылжығанан да сол портал арқылы бақылай алады. 

– Елімізде жастар санатына кіретін жас шегін 35 жасқа ұзартуға байланысты, жастарға берілетін жалдамалы баспана бағдарламасында да біраз өзгеріс болатын сияқты. 

– Биыл жастар бағдарламасы аясында 888 пәтер беру жоспарланған. Пәтер құрылысы аяқталған соң біз әлеуметтік желіде және БАҚ-та жариялаймыз.. Ал өзгеріске келетін болсақ, 3 жыл қалада тұрақты тіркеуде тұруы және соңғы 5 жылда меншігінде үй болмауы керек. Берілетін үйдің 60%-ын ерлі-зайыптыларға, 40%-ын бойдақтарға беру және жас шегін 35 жасқа ұзарту жөнінде ұсыныс енгізіліп жатыр. Бұл бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. 

– «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы қанша үй беріледі? 

– “Бақытты отбасы” бағдарламасына 2023 жылға әлі лимит бөлінбеді. Былтыр 474 азаматқа лимит бөлінген. Ол азаматтар тұрғын үйлеріне қоныстанып, келісімшарт түзіліп жатыр. 

– Тұрғын үй сертификатын беру санатында өзгеріс бар ма және биыл қанша теңгенің сертификаты беріледі? 

– Ерекше бала асыраушы отбасы, көпбалалы отбасы, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар,  I, II топтағы ерекше жандарға беріледі. Бұл үшін биылға 200 миллион теңге қаралды. 

– «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша қанша пәтер беріледі? 

– «Шаңырақ» бағдарламасы бойынша былтырдан қалған 71 пәтер бар. Сол пәтерлер беріледі. 

– Шымкент қаласында үй кезегінде қанша адам тұр. Биыл қанша үй беріледі? 

– Шымкент қаласында кезекте 49 752 азамат тұр. Биыл 1621 пәтер несиелік негізде, 888 пәтер жастар бағдарламасы бойынша беріледі. Және қазіргі таңда дайын болған 324 пәтер кезектегі адамдарға беріледі. 

Өзгелердің жаңалығы