Шымкентте есірткі заттары табылған автокөлікті ұстау кезінде ішінде болған полиция қызметкері ішкі істер органдарынан теріс себептермен жұмыстан шығарылды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Жедел іс-шара барысында ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері есірткі заттары табылған көлікті тоқтатқан.
«Іс-шара барысында автокөлікте бейбіт тұрғындармен бірге аудандық полиция бөлімдерінің бірінің қызметкері болғаны анықталды. Аталған қызметкер теріс себептермен ішкі істер органдарынан босатылды», – деп мәлімдеді Шымкент полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұрынғы полиция қызметкерінің әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Тергеу мүддесіне байланысты әзірге өзге ақпарат жарияланбайды.