Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин «Alarko Holding» түрік компаниясының вице-президенті Шахин Аббаспен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кездесуге қатысушылар құны $650 млн болатын қызанақ өсіру бойынша ауқымды инвестициялық жобаны іске асыру барысын талқылады. Шымкентте 2025 жылдың соңына дейін екі кезең бойынша жылыжай кешенін және өсірілген өнімді қайта өңдейтін цех салу жоспарланып отыр. Бірінші кезеңде – 45 гектар, екінші кезеңде – 130 гектар. Толық қуатқа шыққанда кешен жылына 51 мың тонна өнім өндіруге мүмкіндік береді. Өткізу нарықтары: ішкі және Ресей Федерациясы, Қатар, БАӘ-ге экспорттау.
Кәсіпорында 2 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Компания Шымкентте жылыжайларға арналған құрылымдар шығаратын зауыт ашуды жоспарлап отыр, бұл құрылыс мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба аясында халықаралық стандарттар бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау үшін мамандандырылған академия құрылады.
Тараптар инвестициялық жобаны іске асыру үшін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген инвестициялар туралы келісімнің жобасы мен шарттарын талқылады.
Серік Жұманғарин инвесторға жан-жақты қолдау көрсетілетінін айта келе, ауыл шаруашылығының басқа да басым салаларында, атап айтқанда, астық, қант қызылшасы, теріні терең өңдеуді қоса алғанда, өндірісті жолға қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.