Шымкенттегі «Восток» шағын ауданында орналасқан бес қабатты тұрғын үйдің бір пәтерінен екі баланың мәйіті табылды. Тағы үш адам медициналық көмекке жүгініп, ауруханаға жеткізілді.
Оtyrar арнасының хабарлауынша, оқиға 19 қазанда белгілі болған. Қаза тапқандардың бірі – төрт жастағы бала, екіншісі – 15 жастағы қыз. Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын уәкілетті органдар анықтап жатыр.
Алғашында газдың таралуы мүмкін деген болжам қарастырылған. Алайда оқиға орнына барған мамандар пәтерде көміртегі тотығын анықтамаған.
«Біздің апаттық бригада қызметкерлері өлшеу жұмыстарын жүргізді. Көміртегі тотығының концентрациясы анықталған жоқ. Түпкілікті қорытындыны сараптамалар жүргізіліп, тергеу аяқталғаннан кейін ғана жасауға болады», – деп хабарлады «QazaqGaz Aimaq» АҚ.
Қазіргі уақытта оқиғаның нақты себебі белгісіз. Тергеу нәтижелері бойынша қосымша ақпарат берілуі мүмкін.
Айта кетейік, биыл ақпан айында Шымкенттің осы «Восток» шағын ауданында тағы бір қайғылы оқиға болып, үш адам қаза тапқан. Ол кезде марқұмдардың денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталмаған. Алдын ала қарастырылған нұсқалардың бірі газдың таралуы болған.