Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласы әкімінің өкімімен қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы лауазымына Асхан Мархабайұлы Байдувалиев тағайындалды.
Бүгін жаңа басқарма басшысын таныстырған қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов біліктілігі жоғары және медицина ғылымының кандидаты Асхан Мархабайұлына алдағы жұмысына сәттілік тілеп, денсаулық сақтау саласының дамуы бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Асхан Мархабайұлы - 1972 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында туылған. Қарағанды медицина институтын және С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетінің магистратурасын бітірген, мамандығы - дәрігер.
Еңбек жолын С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің урология кафедрасының ассистенті болып бастады. Кейін Алматы қаласындағы Қазақстан медициналық университеті урология кафедрасының меңгерушісі, Алматы облысы «Қарасай ауданының емханасы» МКК директоры, 2012 жылы ШЖҚ «Қарасай аудандық орталық ауруханасы» МКК директоры.
2015 жылы Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды. Ал 2018 жылдан бүгінгі күнге дейін С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің дипломнан кейінгі білім факультетінің деканы және С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ клиникасы департаментінің директоры қызметін атқарып келген.