Шымкентте «Қайнар бұлақ» тұрғын алабы маңында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағын құру жұмыстары қарқынды жүргізілуде. 132,9 га алып жатқан индустриалды аймаққа қазір су, кәріз жүйелері жүргізілуде, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Мемлекет басшысы импортқа тәуелділікті азайтуды тапсырған болатын. Аймақта жергілікті өнімдерді терең өңдеуден өткізетін кәсіпорындар шоғырланады. Бұл қаламыздағы алғашқы агроиндустриалды аймақ болып құрылады, –деді қала әкімі Мұрат Әйтенов индустриалды аймақты аралау барысында.
Биыл іске қосылатын индустриалды аймақта тамақ өнеркәсібімен айналысатын жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Мұнда 1 жарым мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылады.
Сонымен қатар қазір шағын ауданды табиғи газбен қамту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Газдандыру құрылысы алдағы жылы аяқталады. Нысан толық пайдалануға берілгенде 28 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады, - деп жазылған әкімдіктің хабарламасында.