Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Конституция күні аясында Шымкент қаласында 220 кВ электр қуатын беретін «Бозарық» қосалқы электрстанциясы іске қосылды, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Энергокешеннің ашылуына қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне нысанның стратегиялық маңызы жөнінде мағлұмат берді.
Құрылыстың соңғы сатысында кешенге электр қуаты беріліп, 72 сағаттық мерзімде техникалық сынақ жұмыстары жүргізіліп, сәтті өткен.
"Бозарық" қосалқы электр станциясы негізгі кешен саналып, ол қуаты 110/35/10 кВ болатын 5 қосалқы электр станцияларының қосылу көзі болып табылады. Осы кешеннен қуат алатын «Нұрсәт», «Астана-1», «Астана-2» қосалқы станцияларының құрылыстары аяқталған. «1-М-1» станциясының құрылысы жалғасып жатса, «Ынтымақ» қосалқы станциясының жоба-сметалық құжатын әзірлеуге тапсырыс берілген.
Кешеннің іске қосылуымен Асар-2, Тұран, Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Батыс, Бозарық, Қайнарбұлақ, Шымкентсити, Достық, Нұрсәт шағын аудандарында электр қуатының сапасы артады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша салынған бұл кешен 250 мыңнан астам халықты сапалы электр энергиясымен қамтитын болады. Қаламыз ірі өндірістік орталық ретінде қалыптасып отыр. "Бозарық" электр станциясы стратегиялық нысан ретінде шаһардағы электр қуатының жетіспеушілігін шешеді, - деді М.Әйтенов.
Айта кету керек, "Бозарық" қосалқы электр станциясы қаланың құрылысы қарқын алған солтүстік бөлігін электр қуатымен қамтамасыз етпек. Мұнда жаңа шағын аудандар бой көтеріп, жаңа өндірістік аймақтың іргесі қаланған.