Шымкент қаласының Энергетика және инфрақұрылым басқармасы БАҚ өкілдеріне баспасөз турын ұйымдастырып, қаладағы жылу қазандықтарының жай-күйімен таныстырды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Шаһарда қазір «Қуатжылуорталық -3» мекемесіне тиесілі 23 қазандық пен 17 сорғы станциясы халыққа жылу беруде үздіксіз жұмыс істеп тұр. БАҚ өкілдері алдымен Нұрсәт шағынауданындағы көпқабатты үйлерді жылумен қамтып отырған қазандық жұмысымен танысты. «Қуатжылуорталық-3» мекемесі директорының бірінші орынбасары Нұрбек Орынбаевтың айтуынша, бұл қазандық 127 көпқабатты үй мен 8 әлеуметтік нысанды жылытады.
«Қуатжылуорталық-3» мекемесіне тиесілі қазандықтардың 21-іне табиғи газ, 2-еуі қатты отын қолданылады. Жылу беру маусымына дейін 1100 тонна көмір алынды. Қазір барлық қазандық жоспарға сай жұмыс істеп тұр. Үйлерге жылу беру ісі даладағы ауа райына тікелей байланысты. Қазір ауа райы +15-+20 С көрсетіп тұрса, жылу қазандықтарынан +65 С жылу беріліп жатыр. Біз бұл мақсатта «Қазгидромет» мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Қолайсыз ауа райы туындайтын болса алдын ала хабар беріп, кестеге сәйкес мамандар жылудың градусын белгілейді. Мәселен, өткен жылы ауа райы -27С көрсеткенде орталықтағы қазандықтардың градусы +90 +95 С-ке көтерілді, – деді Н.Орынбаев.
Жалпы «Қуатжылу орталық-3» мекемесіндегі 823 шақырым жылу жүйесі қаладағы 2076 көпқабатты үйді, 1200-ге жуық әлеуметтік нысан мен кәсіпкерлік ғимартқа жылу жеткізеді екен.
Биылғы жылу беру маусымы алдында 8,9 шақырым жылу жүйелеріне ағымдағы, 4,5 шақырым жүйеге күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. Күрделі жөндеу екі насында, яғни Нұрсәт шағынауданы мен Адырбеков көшесіндегі жылу құбырлары жаңаланды. Қазіргі сәтте Шымкентте жылу құбырларының тозу деңгейі 37 пайызды құрап отыр. Алдағы 2024 жылы 10 шақырым жылу құбырын жаңалау үшін бюджеттік өтінім берілді, – деді қалалық инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Тимур Оспанов.
Мұнан кейін БАҚ өкілдері Солтүстік-Батыс шағынауданында орналасқан қазандықтың жұмысымен танысты. Кеңестік дәуірден келе жатқан жылу қазандығы әр жылы өз уақытында жөндеуден өтіп, құрылғылары жаңаланады екен. Жауапты өкіл Әбісаттар Әбдіғаппарұлының айтуынша, мұндағы үш қазандықтың біреуі іске қосылған. Қалған екеуі резервке алынған.
Ауа райының жылылығына байланысты қазір бір қазандықтан жылу таралып жатыр. Күн -10 градусқа төмендесе екінші қазандықты іске қосамыз. Қақаған аяз болып, ауа райы -30 градустан да төмен болса, резервтегі үшінші қазандық іске қосылады. Өздеріңізге белгілі өткен қыс мезгілінде, атап аятқанда қаңтар айы өте суық болды. Сол кезде біз екінші қазандықты қосып, 440 көпқабатты үй мен өзге нысандарға жылу қалыпты деңгейде жетті, – деді ол.