Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталған жас жігіт 10 жылға қамалды

28 Тамыз 2023, 04:20
703
Бөлісу:
Шымкентте аса ірі мөлшерде есірткімен ұсталған жас жігіт 10 жылға қамалды
Фото: архив

Тұран АПБ-ның учаскелік инспекторлары әкімшілік аумақта қызмет атқару барысында адам аз жүретін көшелердің бірінде құбыр астынан әлдебір затты іздеп, тапқан олжасын бірден қалтасына жасырған күдікті жігітті байқаған. Олар мән-жайды нақтылау үшін 102 арнасына хабарласып, оқиға орнына жедел-тергеу тобын шақыртқан, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Тәртіп сақшылары ер адамнан ұнтақ тәріздес заттар салынған 10 дана орама, жиналмалы пышақ және 1 дана трамадол дәрісінің пластинкасын тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған ұнтақ «а-PVP» психотроптық заты екені расталды.

Аталған жайтқа қатысты ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілді.

Нәтижесінде, 23 жастағы жергілікті тұрғын «Телеграмм» арнасы арқылы жұмысқа орналасып, бейтаныс адамдардың нұсқауы бойынша есірткі қойып кетумен айналысқаны белгілі болды. Қызметі үшін ақыны электронды түрде алып отырған.

Сот отырысында айыпталушы өз кінәсін ішінара мойындады. Алайда жинақталған айғақтардың жеткілікті болуына байланысты сот оны кінәлі деп танып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Өз кезегінде, тәртіп сақшылары жастарды есірткіден аулақ болуға шақырады. Сондай-ақ, есірткімен байланысты кез-келген заңсыз іс-әрекет қылмыстық жауапкершілікке алып келетінін қатаң ескертеді.

Өзгелердің жаңалығы