Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шымкент қаласындағы Этноауыл тарихи кешенінде 1 наурыз – Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлады әкімдіктің баспасөз қызметі.
Іс-шараға қатысқан қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бүгінгі мерекенің ауқымы мұнымен шектелмейтінін және ел игілігі үшін қызмет еткен азаматтарға алғыс айтуға жалғасатынын жеткізді.
Бұл мереке түрлі тарихи кезеңдер мен оқиғалардың салдарынан қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы қазақ халқына құрмет көрсететін, қамқорлығы мен мейірбандығы үшін алғыс айтатын күні. Бірақ, бүгінде мерекенің ауқымы мұнымен де шектелмейді. Біз бұл күні ақ жаулықты аналарымызға, ақ сақалды қарияларымызға, айналасындағы адамдардың игілігі мен елдің дамуы үшін тынбай еңбек етіп жүрген азаматтарымызға алғыс айтуды, ризашылығмызды білдіруді дәстүрге айналдырып келе жатырмыз,-деді қала әкімінің орынбасары.
Мереке күніне орай қала көшелері безендірілуімен бірге «Шымқала» этноауылында көктем белгісі бәйшешек гүлінің, бейбітшілік пен мейірімділік құсы қарлығаштың алып бейнелері жасалып, қала тұрғындарына ерекше көңіл сыйлады.
Қаламыздағы 15 ірі сауда ойын-сауық орталығы мен қалалық саябақтарда, әуежай, темір жол вокзалы, базарлар мен студеттер көп тұратын шағын аудандарда 1 миллион құрт пен 1 миллион бауырсақ таратылды.