Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Айтенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында айтты.
Президент білім беру саласына да басымдық берді. Қазір қалада 7020 орындық 13 мектептің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 5100 орындық 8 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Алдағы 5 жылда 63 882 орындық 85 мектептің құрылысын жүргізу бойынша арнайы жоспар әзірленді. Осының есебінен, ауысымдық және апатты жағдайдағы мектептер мәселесі толығымен шешіледі. Қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында осы жылы 47 330 компьютер алынды. Жыл басында 28 оқушыға 1 компьютерден келсе, қазір 4 оқушыға 1 компьютерден келеді, - деді ол.
Әкім брифинг барысында мұғалімдердің жалақысы артатынын жеткізді.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл мұғалімдер мен тәрбиешілердің еңбекақысы 25%-ға көтерілді. Келер жылы тағы да 25%-ға көтерілетін болады, - деді ол.
Айта кетейік, қала басшысы бұған дейін республикалық статус алғалы бері Шымкент қаласына 1 трлн теңге инвестиция тартылғанын айтқан болатын.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының республикалық маңызы бар қалалар санатына қосылғанына 2 жылдан астам уақыт өтті. Осыдан екі жыл бұрын өнеркәсіп өнімі көлемі 319 млрд теңге болса, бүгінде бұл көрсеткіш 523 млрд теңгеге жетті. Республикалық статус алғалы бері қалаға 1 трлн теңге инвестиция тартылды, - деді ол.