Нұр-Сұлтан, BAQ. KZ. Шымкентте алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды. Олар қымбат көліктерді тауып, ломбардқа өткізіп, 40 миллион теңге шығын келтірген, деп хабарлайды Polisia.kz.
Портал мәліметінше, топ жетекшісі қаладағы ломбардтардың бірінің бұрынғы қызметкері болған. Ол осы салада жинақталған тәжірибесін қолданып, қомақты ақша табудың жолын ойлап тапқан. Осылайша, өзінің сегіз танысын тартқан.
Қылмыстық топтың әр мүшесінде өз міндеттері болған. Бірі таныстары арқылы немесе жалға қымбат көліктер табумен айналысқан. Екіншісі жалған құжаттар жасаған. Осылайша, алаяқтар нақты жасалған кесте бойынша әрекет етіп, бір жыл ішінде Lexus LX 570, Toyota Land Cruiser 200 сияқты қымбат бес шетелдік көлікті ломбардтарға өткізіп үлгерген. Уақытша алынған автокөліктерге алаяқтар жаңа құжат жасап отырған. Жалған құжаттарды тұрғылықты жері жоқ адамдарға рәсімдеген, – делінген хабарламада.
Біраз уақыттан кейін қарыз алушылармен байланысқа шыға алмаған ломбард қызметкерлері алаяқтық туралы полицияға жүгінген. Оларға келтірілген залалдың жалпы сомасы шамамен – 40 миллион теңге. Қылмыстарды ашу мақсатында полиция қызметкерлері орасан зор жұмыс атқарған.
Біріншіден, тергеушілер құжаттарды тексеріп, сараптама көмегімен олардың жалған екенін анықтады. Одан әрі тәртіп сақшылары ломбардтарда және оларға жақын жерлерде орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеп, барлық куәгерден жауап алды. Нәтижесінде, полицейлер барлық жағдайда жалған жалға берушілермен бірге жүрген күдіктінің ізіне түсті. Ол арқылы жедел уәкілдер қала аумағында қылмыстық топтың басқа мүшелерін де ұстай алды, – делінген хабарламада.