Еңбекші ауданы прокуратурасы жүргізген талдау нәтижесінде Мемлекеттік кірістер басқармасы 226 кәсіпкерді заңсыз әкімшілік жауапкершілікке тарту фактілерін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бас прокуратураның хабарлауынша, атап айтқанда, 14.06.2024 жылы кәсіпкер «С» Қазақстан Республикасының Салық кодексінің 208-бабының (Салықтық өтінішті, салықтық есептілікті ұсыну тәртібі) талаптарын бұзғаны үшін ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Бұдан бөлек, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі зерделеу барысында Басқарма ҚР ӘҚБтК-тің 744-бабына сәйкес оған істі қараудың уақыты мен орны туралы хабарламағаны белгілі болды. Прокурорлық қадағалау актісі арқылы лауазымды тұлғаның заңсыз шығарылған қаулысының күші жойылып, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды, - делінген ақпаратта.
Уәкілетті органның жауапты тұлғалары тәртіптік жауаптылыққа тартылды.
Аталған бағытта жұмыстар жалғасуда.